Батыс Қазақстанда 65 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 64632 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, сондай-ақ 26045 адам екінші компонентімен де егіліп үлгерді.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, өңірге осы кезге дейін 138560 доза (89050-і – бірінші, 49510-ы – екінші компонент) вакцина келіп түсті.

25 сәуір күні облысқа 2 мың доза (1 мыңы – бірінші, 1 мыңы – екінші компонент) қазақстандық вакцина жеткізіліп, соның нәтижесінде 1 мың тұрғын отандық екпені қабылдады.

Сонымен қатар ресейлік және отандық екпеден басқа Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген 45 мың (27500-і – І, 17500-і – ІІ компонент) доза Hayat-Vax араб вакцинасы әкелінді.

Облыста осы уақытқа дейін барлығы 21612 адам індет жұқтырса, соның 77 пайызы (16674) жазылып шықты. 320 адам көз жұмды.

Биылғы жыл басынан бері 152, соның ішінде қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде – 42, мамырда 37 науқас коронавирустан оңала алмады. Көз жұмғандардың 80-і – әйел, 72-сі – ер адамдар. Олардың 93,2 пайызында (138) созылмалы дерттері болған.

«Күні бүгін 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 5 адам, ал 1123 төсектік 18 инфекциялық ауруханада 486 науқас емделуде. Соның ішінде 27 науқас жансақтау бөлімшесінде, бұлардың 25-і созылмалы дертке шалдыққан. Науқастар инфекциялық стационарларға ауыр және аса ауыр халде түсіп жатыр. Сондықтан карантиндік талаптарды сақтау керектігін тұрғындардың есіне саламыз», - деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО стационарларында коронавируспен 500-ге жуық науқас жатқандығын, соңғы төрт күнде 400-ге жуық адамнан індет табылғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар