Батыс Қазақстанда 64 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе салдырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 64 167 адам ЖРВИ және тұмауға қарсы егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазіргі таңда тұрғындардың 9,78 пайызы екпемен қамтылды.

Соның ішінде 14 349-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, 49 848-і – ересек адамдар.

Биыл ЖРВИ мен тұмауға қарсы егу үшін 67 мың доза ресейлік «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынған болатын. Күзгі маусымдық аурулар кезінде коронавирус инфекциясының өршуіне жол бермеу үшін екпе жұмыстары әдеттегіден ертерек, 15 қыркүйекте басталып, одан әрі жалғасуда.

Жалпы, облыста жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өңірде санитарлық қызметтер арқылы 97 жұқпалы дерт бойынша мониторинг жүргізіледі. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 26 инфекция бойынша аурушаңдық төмендеген. Мысалы, сальмонеллез 2,4, бактериялық дизентерия 6 есе азайды. Ал оба, тырысқақ, іш сүзегі, құтыру, туляремия, дифтерия, сіреспе, қызамық секілді жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

Барлық алдын алу жұмыстары және коронавирусқа қатысты карантиндік шаралар басқа жұқпалы аурулардың азаюына септігін тигізді.

Биыл сондай-ақ өңірде бір жасқа дейінгі 9 751 сәби БЦЖ-дан екпе алды, бұл жаңа туған нәрестелердің 97,1 пайызын құрайды. Сол секілді 6 жасар балалардың 98 пайызы қайта вакцинацияланды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО шекараларындағы автоөткелдерде санитарлық талаптар күшейтілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар