Батыс Қазақстанда 600-ге жуық адамнан коронавирус табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 537 адамнан коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Күлбарақованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аурушаңдық деңгейі облыста 6 қаңтардан бері күрт өсіп кетті.

Оның сөзіне қарағанда, «Омикрон» штамын жұқтыру қаупі бар екенін ескеру керек. Бұл вирус «Дельта» штамына қарағанда, 70 есе тез көбейеді.

«Спутник Lite» вакцинасының бір бөлігі Қазақстанға келіп жетті. Бүгінгі таңда вакцинаны аймақтарға бөлу жүргізілуде, облысқа аталмыш екпе әлі жеткізіле қойған жоқ. «Спутник Lite» вакцинасы тиісті қаулы шыққаннан кейін көрсетілімге байланысты қолданылатын болады. Сонымен қатар ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 13 қаңтардағы №2 қаулысына сәйкес алпыс жастан асқан тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне Pfizer вакцинасын қолдануға рұқсат берілді», деді Айгүл Жексенқызы.

Басқарма өкілінің айтуынша, пандемия басталғаннан бері тіркелген 40 607 науқастың 39 224-і жазылып шықты. 857-сі коронавирустан көз жұмды.

Күні бүгін 504 төсектік 8 инфекциялық стационарда жатқан 110 науқастың төртеуі жансақтау бөлімшесінде жатыр.

«Облыс бойынша вакцинация басталғаннан бері 258 901 адам бірінші компонентпен егілді. Бұл – жалпы жоспардың 62,4 пайызы. 245 373 адам екінші компонентті қабылдады. 6301 адам Pfizer вакцинасын алса, соның 3332-сі – жасөспірімдер, 220-сы – жүкті, 2749-ы – бала емізетін әйелдер. Сондай-ақ облысымыздың 24 574 тұрғыны ревакцинациядан өтті», деді А.Күлбарақова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның «қызыл» аймаққа енуіне байланысты қатаң шектеу шаралары енгізілетінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар