Батыс Қазақстанда 600-ден астам тұрғын алаяқтарға алданып қалған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 600-ден астам тұрғын алаяқтардан алданып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның 350-ден астамы интернет арқылы жасалған алаяқтық дерегіне жатады.

Пандемияға байланысты онлайн сауданың қызған кезінде қаржы жымқыру қылмысы өткен жылмен салыстырғанда, екі есеге өскен.

Айлакердің құрығына түскен жәбірленушілер тауардың бар-жоғын анықтамастан, қаржысын аудара салады.

Мұның тағы бір ерекшелігі, алаяқтар ел аумағында ғана емес, одан тысқары жерде отырып, «қармақ салады». Мысалы, өзін 1986 жылғы туған ресейлік Р. есімді азамат деп таныстырған алаяқтан БҚО-ның бірнеше тұрғыны жапа шекті. Ол kolesa.kz сайтында «Лада Приора» автокөлігінің 623 мың теңгеге қолжетімді бағаға сатылатыны жөнінде жарнама орналастырған. Бұған сеніп қалған Орал қаласының тұрғыны Қазақстанда тіркелмеген абоненттік нөмірге WhatsApp мессенджері арқылы хабарлама жолдаған. Содан кейін алаяқ РФ аумағынан автокөлікті тікелей жеткізіп әрі қайта тіркеп беремін деп аталған қаражатты иемденіп кеткен.

«Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Күдікті әзірге ұсталған жоқ, ол Қазақстаннан тысқары жерде жүруі мүмкін. БҚО полиция департаменті алаяқтарға алданып қалмау үшін тұрғындардың сақ болуы керектігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да алаяқ әйелдің үй алып беремін деп 23 адамды алдап кеткенін жазған болатынбыз.

https://kaz.inform.kz/news/bko-da-alayak-ayel-uy-alyp-beremin-dep-23-adamdy-aldap-ketken_a3797080


Соңғы жаңалықтар