Батыс Қазақстанда 560-қа жуық адам инфекциялық ауруханада жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 800 төсектік 10 инфекциялық стационарда 558 адам жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, стационарлар 69,7 пайызға толған.

Соның ішінде Орал қаласындағы 595 төсектік ауруханаларда 436 адам (73,2 пайыз), аудандарда 205 төсектік стационарда 122 адам (59,5 пайыз) емделуде.

Сондай-ақ 67 төсектік жансақтау бөлімшесінде 29 адам (43,2 пайыз) жатыр.

Қазіргі кезде облыста 1762 төсек-орын (997-сі инфекциялық, 765-і карантиндік стационарда) резерв ретінде әзірленді.

Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін дәрі-дәрмек алуға 422 млн теңге бөлінсе, соның 217 млн теңгесі бойынша келісімшарт жасалды.

Өңірде COVID-19 диагностикасы бойынша 13 зертхана жұмыс жасайды. Тек соңғы тәулікте 4091 зерттеу жүргізілді.

Басқарма мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері 536 бала коронавирус жұқтырса, соның 455-і жазылып шықты. 81-і ем алуды жалғастыруда.

Биыл білім беру саласының 242 қызметкерінен індет табылса, соның 175-і сауықты. 67-сі емделуде.

«Облыста 170 мониторингтік топ жұмыс жасауда. Биыл карантин талабын бұзғандарға қатысты 8,1 млн астам теңгеге 133 хаттама толтырылды. Соңғы аптада (4-10 сәуір) 1 млн астам теңгеге 23 хаттама жасалды», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы төрт күнде коронавирус жұқтырғандар саны 500-ге жуықтағанын, 14 мыңнан астам адамның екпе салдырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар