Батыс Қазақстанда 250 мектеп мемлекеттік тілде дәріс береді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 372 жалпы орта білім беретін 372 мектеп болса, соның 250-і немесе 68 пайызы қазақ тілінде дәріс береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл –осы уақытқа дейін жүйелі жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының жемісі.

Оның айтуынша, «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деп көрсетілген.

Аталмыш бапты орындау мақсатында жылма-жыл қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Соңғы үш жылдың ішінде 4 мыңға жуық адам тіл курсын тәмамдады.

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы ересектерге арналған қазақ және ағылшын тілдерін тегін оқыту курсына қабылдау жүргізеді. Оған 18-ге толған тілді меңгеруге ниет білдірген облыс тұрғындары қатыса алады.

Сондай-ақ басқарма жанынан қазақ тілін жетілдіргісі келген өзге этнос өкілдеріне және барлық тілек білдірушілерге арналған «Сөйлеtimе» клубы биыл іске қосылып, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш клубтың мақсаты –азаматтарға қазақ тілін грамматикасыз, тұрмыстық деңгейде ауызекі сөйлеуге үйрету. Клуб мүшелерінің құрамына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері, волонтер жастар енгізілді.

Света Ғаниеваның сөзіне қарағанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты жинақ шығарылмақшы. Жинаққа өңір бойынша мемлекеттік тілді еркін меңгерген, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсене қатысып, өңірдің дамуына үлесін қосып жүрген 100-ге жуық өзге этнос өкілдері туралы мәліметтер енгізілуде.

Жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді меңгерген облыс тұрғындарының үлесі – 92 пайыз. Бұл дегеніміз 80 пайызға жуық мемлекет құраушы ұлт өкілдері тұратын облыста мемлекеттік тілде сөйлеп, жазуға еш кедергі жоқ екендігін көрсетеді.

Ресей Федерациясында тұратын қазақ диаспора өкілдерімен әдеби-мәдени байланысты дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтау, рухани және тарихи-мәдени мұраны нығайту, сондай-ақ оларға ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мақсатында «Аltyn kópir» халықаралық фестивалі өткізіліп келеді. Аталмыш шараға Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор, Курган облыстары бойынша қазақ диаспорасының жас өкілдері қатысып, жергілікті лингвист ғалымдар, өлкетанушылар, қолөнер бағытында қызмет ететін кәсіби мамандар, тарих мамандары және жастар қоғамдық ұйымдары көшбасшылары тартылды.

Сонымен қатар 2021 жылдың наурыз айынан бастап ана тілін меңгеруге ниет білдірген Ресей Федерациясында тұратын қазақ диаспора өкілдеріне онлайн 100 сағат, офлайн 8 сағат көлемінде қазақ тілінен А2 деңгейінде 25 адамға арналған тегін сабақтар жүргізілді.

Мемлекеттік мекемелерден жинақталған ақпаратқа қарағанда, облыс бойынша құжатайналымдағы мемлекеттік тілдің үлесі 2021 жылдың 3 тоқсанында 96 пайызды құрады.

«Ономастика саласында да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бастап бүгінге дейін облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 ауданның, 95 елді мекеннің, 1726 көшенің атаулары өзгертілді.

Облыс орталығы Орал қаласында жалпы саны 832 көше болса, 627 көшенің атауы (75 пайызы) ұлттық атаулармен аталған», деді С.Ғаниева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімін беру ұсынылғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар