Батыс Қазақстанда 2400-ден астам жүкті әйел ЖРВИ-ге шалдықты

None
Фото: sites.wp.odu.edu
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2407 жүкті әйел ЖРВИ-ге шалдықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, жіті респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) сырқаттанғандар саны өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда, 21,1 пайызға өсті.

Оның айтуынша, өткен жылғы 1 қазаннан бастап өңірде 42 308 адам ЖРВИ-мен ауырды. Соның ішінде 26 422-сі немесе 62,4 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. 1 жасқа дейінгі 2031 сәби де сырқаттанған.

Облыстың 158 мектебінде 3409 оқушы (8,2 пайыз) аталмыш дертке шалдыққан.

Әсіресе, ауа райының салқындауына байланысты желтоқсан мен қаңтарда 29 270 адамның (18 201-і – 14 жасқа дейінгі балалар) ЖРВИ-мен ауырғаны тіркелді.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, облыста тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Барлығы 92 тұмау (В штамы – 66, (H1N1) штамы – 26) тіркелсе, соның ішінде 35-і – 14 жасқа дейінгілер, 17-сі – жүкті әйелдер. Тұмаумен ауырғандардың 62-сі, соның ішінде 17 жүкті әйелдің бәрі де ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар биылғы 1 қаңтардан бері облыс бойынша 94 адам коронавируспен сырқаттанса, соның 56-сы Орал қаласының үлесіне тиеді. Бұл – өткен айдың осы кезеңімен салыстырғанда, 1,6 есеге төмен.

«Тұмау мен коронавирустың алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Сонымен қатар жеке сақтық шараларын сақтап, жабық орындарда бетперде кию қажет. Адамдар көп жиналатын жерге барудан тартынып, ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралу қажет», - деді М.Арыспаев.


Фото: sites.wp.odu.edu

Соңғы жаңалықтар