Батыс Қазақстанда 1400-ге жуық адамды ит қапты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 1 392 адамды ит қапты, соның ішінде Орал қаласы бойынша 928 адам иттен зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Рашит Иманғалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, биыл облыс аумағында ит-мысықты асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін 114 адамға 1 млн 837,8 мың теңге айыппұл салынды.

«Қазіргі таңда бірыңғай дерекқорда облыс бойынша чиптелген 15 160 ит пен мысық тіркелген, соның ішінде 5 014-інің иесі бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, облыс бойынша 2020 жылы 21 млн 514 мың теңгеге 2 060, өткен жылы 61 млн 891 мың теңгеге 5 030 қаңғыбас ит пен мысық биозарарсыздандырудан өткізіліп, мекендеу ортасына кері жіберілді. Биыл 65,576 млн теңге қаралып, 5 067 қаңғыбас ит пен мысықты биозарарсыздандыру жоспарланса, күні бүгін соның 3 122-сі (Орал қаласы бойынша 1 430) өткізілді.

Барлық биозарарсыздандырудан өткен ит-мысықтарға құтыруға қарсы екпе және дегельминтизация жасалынады. Оған қоса жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде облыс бойынша 930 бұралқы ит жансыздандырылды.

Өңірде бюджеттік бағдарлама аясында биозарарсыздандыру арқылы қаңғыбас жануарлардың санын реттеу көзделіп отыр.

Айта кетсек, биылғы 2 наурыздан бастап күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен «Үй жануарларын ұстаудың және серуендету» және «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру үлгілік ережесі» бекітіліп, 23 мамырында ресми жарияланды. Аталған ережелер 23 шілдеде күшіне енді.

Заңға сәйкес азаматтарға жануарларға жауапкершілікпен қарау міндеттелген. Оларды қарау кезінде жануардың өлуіне, мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтіруге, ұрып-соғуға, азаптауға, жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге болмайды делінген.

Заңның 21-бабы 7-тармағында үй жануарларының қалаусыз төлдеуін болдырмау үшін жануардың иесі немесе жауапты адам стерилизациялау арқылы шаралар қабылдауға міндетті.

Заңның 22-бабы бойынша иттердің тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз өз бетінше серуендеуіне, үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне тыйым салынады, сондай-ақ үйдің аумағына кіреберісте үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбасы жасалуға тиіс.

Заңның 25-бабы 2-тармағында қаңғыбас жануарлардың санын уларды, өзге де химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілдермен жансыздандыру арқылы реттеуге тыйым салынады және 23-бабының 1-тармағында қаңғыбас жануарлардың санын бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен стерилизациялау арқылы реттеледі деп көрсетілген.

Заңның 15-бабы, 1-тармағының, 4-тармақшасына сәйкес жануарлар адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарларға, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қауіп төндірген кезде жансыздандыруға жол беріледі.

Сонымен қатар, иттер мен мысықтардың иелеріне 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін үй жануарларына чип салдырып, тіркету қажет. Тіркелмеген үй жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – бұралқы ит пен мысықтың көбейіп кетуі болып отыр. Оған себеп – тұрғындар жаз мезгілінде иттерді саяжайды күзету үшін ұстайды да, салқын түсе қараусыз қалдырады. Сондай-ақ, ит-мысықтың иелері жануарларын уақтылы ветеринарға апарып, биозарарсыздандырмайды. Сосын күшіктеген кезде күшіктері мен марғауларын асырамай, далаға апарып тастап кетеді. Сондай себептермен аш қалған иттер топ-тобымен жүріп, тұрғындардың құс-жануарлары ғана емес, өздеріне дейін шабады. Ата-аналар мектеп жасындағы балалары үшін қорқатындығын айтып, бұралқы иттерден тазарту туралы құзырлы органдарға жиі шағым түсіреді. Осы орайда, тұрғындардың ит пен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын біліп, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау қажеттігін еске саламыз», - деді Р. Иманғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да балалардың жарақаттануы жиілеп кеткенін жазған болатынбыз.


Фото: mediaoneonline.com




Соңғы жаңалықтар