Батыс Қазақстанда 12 жүкті әйел коронавирустан емделіп жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 317 адам жұқпалы аурулар стационарында емделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың брифингте мәлім еткеніндей, соның 8-і – балалар, 12-сі – жүкті әйелдер.

Ауруханада жатқандардың ішінде 26-сы жеңіл, 261-і орташа халде. 30-ы ауыр халде. 16 ересек адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 183 адамның пневмониямен ауырғаны анықталды.

Коронавирусты емдеуге лайықталған қалалық көпбейінді ауруханада 130 емделуші жатыр.

Облыста 800 адам жазылып шықса, алтауы індеттен көз жұмды.

Сенбі және жексенбі күндері ауруханаға 62 адам түсті.

«Кейбір тұрғындардың салғырттығы салдарынан ауруды отбасы мүшелеріне жұқтыруда. Сонымен қатар үйде өздігінен емделіп, ауруын асқындырып алғандар көбейіп барады. Сырқаттанғандардың 80 пайыздайы – пневмонияға шалдыққандар. Уақыт өткізіп алған соң емдеу күрделене түседі. Әсіресе, жасы 65-тен асқан жандарға өте қиын. Сондықтан тұрғындардан санитарлық талаптарды қатаң сақтап, індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге көмектесуін өтінеміз», деді Б.Қаюпов.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, облыста осы кезге дейін коронавирус жұқтырған 1157 адам 552 ошақта тіркелді.

Өңірде 1 маусымнан бері 487 адам ауырса, соның 43,9 пайызы – бұрын коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар. Қалғандары медициналық көмекке өздері жүгінген немесе профилактикалық мақсатта және эпидемиологиялық қадағалау бойынша сынама алынған кезде анықталған. Яғни сырттан келгендер жоқ.

Күні бүгін 40 адам провизорлық, 191 адам карантиндік стационарда жатса, 344 адам үйден бақылануда.

Ауырғандардың 943-і Орал қаласында тіркелсе, аудандарда да азаймай отыр.

«Қазіргі таңда коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында Теректі, Жәнібек, Жаңақала және Қаратөбе аудандарында шектеу шаралары енгізілген», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дәрігер Азамат Ізбасовтың індетпен күресте психологиялық көмек керек деп айтқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар