Батыс Қазақстанда 10 мыңға жуық бала спортпен тегін айналыса алады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 10 мыңға жуық бала спортпен тегін айналыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Қазимовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірде өткен жылғы 1 мамырдан бастап Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік спорттық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырылу тетігі жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа өткен жылы 194,2 млн теңге бөлінген болатын.

Оның айтуынша, қазіргі кезде 25 спорт түрі бойынша 10 мыңға жуық бала спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік алды. Биыл бұған 350 млн теңге қарастырылды.

Сонымен қатар биылғы 1 маусымнан бастап ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі әр айдың екінші жұма күні (сағат 10.00-12.00) балаларға атпен тегін серуендеуді ұйымдастырады. Бір мезгілде 30 балаға дейін қамтылады.

Сол секілді «Қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шешімімен әр жексенбі күні (сағ.14.00-15.00) «Мұз спорт сарайында» балалар конькимен тегін сырғанай алады. Бір мезгілде 50 балаға дейін.

Осындай жеңілдік «Жайық самалы» жүзу бассейнінде қарастырылған. Әр сәрсенбі күні (сағ.11.45-12.45) балаларға суда жүзу тегін болады. Бір мезгілде 40 балаға дейін.

Н.Қазимовтің сөзіне қарағанда, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай барлық спорт алаңдарында, стадионда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақшы.

«Өткен жылдың қараша айынан бастап «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» тәрбиеленушілеріне жеке және ұжымдық қолдау көрсетуге бағытталған «Тәлімгерлік» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Ұжымдық тәлімгерлік бойынша 2022 жылы айына екі рет Орал қаласындағы 14 спорт мекемелерімен кездесу кестесі бекітілді. Балалар ауылы тәрбиеленушілері жыл басынан бері 9 спорт мекемесіне барып, еңбек ұжымымен, мектепте дамытылатын спорт түрлерімен, үздік табысқа жеткен спортшылармен таныстырылды. Жеке тәлімгерлік бойынша БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының 20 тәрбиеленушісіне 20 жеке тәлімгер бекітілді. Осыған сәйкес, олар тәрбиеленушілермен аптасына 1 рет хабарласып, айына 1 рет кездеседі. Спорт пен жаттығуға қатысты туындаған сауалдарға жауап беріп, шеберлік сағаттарын өткізеді», деді Н.Қазимов.

Бұдан бұрын БҚО-ның үш ауданында тоқтап қалған спорт кешенінің құрылымы қайта жанданатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар