Батыс Қазақстан университетінде Ғайсағали Сейтақтың шығармашылық жыр кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, қарымды журналист, университет түлегі Ғайсағали Сейтақтың жыр кеші өтті. Ақынның 60 жылдық мерейтойына арналған кеш «Көңілдің архивінде қалсын өлең» атты таным мен тағылымға толы шара болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қара шаңырақтың» қалыптастырған дәстүрінің бірі - бұл өз түлектерімен байланысын ешқашан үзбейтіндігі. Университет ректоры Нұрлан Серғалиев кездесу алдында ақынға үлкен құрмет көрсетіп,  мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, Махамбет университетінің мақтанышына айналған Ғайсағали Сейтақтай елдің азамат-тұлғалары университеттің мерейі мен мақтанышы екендігін жеткізді», - делінген баспасөз баянында.

Сонымен қатар, жыр кешінде «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,                   университтің Құрметті профессоры Ақұштап Бақтыгерейқызы ақын інісінің шығармашылығына тереңнен үңіліп, ұлттық бояуы қанық, мазмұны терең өлең жолдарына зерделі талдау жасап, көркемдік құпиясын ашқандай болды. Ал университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс магистранты Амангелді Гүлжанат өз баяндамасында ақын шығармашылығына ғылыми негізде талдау жасап, ақын өлеңдеріндегі тарихи тұлға бейнесіне кеңінен тоқталды. Кеш барысында сөз алғандар ақын шығармашылығына тоқталумен шектелмей, Ғайсағали Самиғоллаұлының өңір журналистикасына сіңірген еңбегін де бағамдап өтті. Кеш қонағы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ақынның көп қырлы талант иесі екендігін атап өтіп, ақын шығармаларындағы «тек пен тамыр» феномені жайында әдемі сөз қозғады. Ал ақынның университеттегі ұстазы Мерует Жолдықайырова да студентіне деген ерекше тілегін жеткізсе, студенттік кезеңнің естен кетпес, албырт көңілдің, сергелдең сезімнің ұмытылмас кезеңінде бірге оқыған, жастық жылдарының куәсі болған, студенттік досы, бүгінде ардагер ұстаз Қуаныш Таубаев кешке арнайы келіп, ерекше естеліктерімен бөлісті. Дәстүрлі әнші Фархат Оразов орындаған «Нарын» әні кештің шырайын ашқандай болды.

Айта кетейік, ақынның 1978 жылдан басталған шығармашылық жолы «Маңдай», «Аман бол, Атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Айарудың алқасы» және жақында тұсауы кесілген «Қасиет қонған қара жер» жинақ кітаптарымен толыққан. Бұл шығармалардың өзі қазіргі таңда ғылыми айналымға еніп, түрлі монографиялар мен зерттеу жұмыстарының нысанына айналуда.

«Жыр әлемінде өз орны бар, Ақжайық өңірінің дарынды тұлғасы Ғайсағали Сейтақтың Махамбет университетіндегі кеші  жыр сүйер қауымның «көңіл архивінде өлең қалдырған» әсерімен  есте қалары айқын» делінген баспасөз баянында.null 

Ғайсағали Сейтақ «ҚазАқпарат» ХАА Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі. Ол осы қызметті 2000 жылдан бері атқарып келеді. 

null 

null 

Фото: Рафхат Халелов

Соңғы жаңалықтар