Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы аса ауыр жағдайда отыр - сенатор Е. Мұқаев

None
None
АСТАНА. Қазанның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдары аса ауыр қаржылық жағдайды бастан кешіріп  отыр.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Ерболат Мұқаев осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет Басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеттеріне сәйкес Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді және өңдеуді дамыту жұмыстары қолға алынып келеді. Алайда ағымдағы жылғы ауа райының қолайсыздығы өңірдегі егіс алаңдарының 373 мың гектарын немесе жалпы егіс алаңының 60 пайызын  құртып, күйреуіне әкеп соқтырды. Сондықтан да, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдары аса ауыр қаржылық жағдайды бастан кешіріп  отыр. Облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-нан 1 млрд. 316,8 млн. теңге сомадағы кредиттер мен лизингтік төлемдер алған болатын. Бірақ, жоғарыда атап өтілгендей ағымдағы жылғы табиғат залалдары кредит пен лизингтік төлемдерді белгіленген мерзімде қайтаруға мүмкіндік бермейді. Ал берешекті мәжбүрлеп қайтарту аграрлық секторда өндірісті және жұмыс орындарын қысқартуға әкеп соғады», деді сенатор.

Осыған орай, депутат құрғақшылықтан зардап шегіп отырған Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында 2010 жылдың желтоқсанына дейін кредиттерді ұзарту туралы мәселені қарастыруды сұрайды. «Бұдан басқа лизингтік төлемдерді кейінге қалдыруды, ел Үкіметінің резервтік қорынан тұқым сатып алуға қажетті 760 млн. теңге сомадағы қаржы бөлуді сұраймыз», деді Е. Мұқаев. 

Соңғы жаңалықтар