Батыс Қазақстан облысында «Жайық барысы» анықталды

None
Фото - Айжан Амангелдина
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Сырым ауданында «Қазақстан барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу сайысы өтіп, Темірлан Көлбай «Жайық барысы» атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирге әр ауданнан және Орал қаласынан ең үздік балуандар қатысып, бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, өңірге танымал бапкер Санат Берсебаев балуандарға сәттілік тіледі.


Үшінші орын үшін белдесуде сырымдық Мерей Бердіғали мен оралдық Нұрымжан Ғаббасов кілемге шықты. Негізгі уақытта бір-бірімен тең түскен екі балуан жеңімпазды қоян-қолтық белдесуде анықтап, онда Нұрымжан әбжілдік танытты.

«Қазақстан барысына» бұдан бұрын да қатысып жүрген бөрлілік Темірлан Көлбай мен жаңақалалық Ерасыл Ахметов алтын белдікті сарапқа салды. Онда екі жартылай жеңіспен белдесуді өз пайдасына шешкен Темірлан былтырғы чемпиондық атағын биыл да қорғап қалды.


Астана күніне орай елордада өтетін республикалық турнирде Темірлан Көлбай мен Ерасыл Ахметов БҚО намысын қорғайды.

Марапаттау рәсімінен кейін сырымдықтар, нақтырақ айтқанда, Жымпитының 1985 жылы туған азаматтары жарыс жеңімпазы Темірлан Көлбайға ат мінгізді.

Демеуші - Арман Ахметқалиев.

Жалпы, «Жайық барысының» Сырым ауданында өтуі кездейсоқ емес. Өйткені бұл ауданнан талай атақты спортшылар шыққан.

Солардың ішінде 1989 жылы самбодан әлем чемпионы атанған Асқар Шайхиевті ерекше айтуға болады.

Сол секілді бұлдыртылық Нұрлан Бекжанов еркін күрестен қазақ жастары арасында алғаш рет әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Садық Жақсығұловты еске алуға арналған турнир мәресіне жеткенін жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да жартылай марафон жеңімпаздары анықталды.



Соңғы жаңалықтар