Батыс Қазақстан облысында «Сырым елі» газетінің 90 жылдығы аталып өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің 90 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырым аудандық мәдениет үйінде карантиндік талаптарға сәйкес өткен шарада айтылғанындай, ауданда баспасөз тарихы Алашорда үкіметімен тығыз байланысты.

Батыс Алашорда құрылған кезде баспа ісін ұйымдастыру ағартушы, ақын әрі дәрігер Ахмет Мәметовке тапсырылады. 1919 жылы баспахана құралдары сатып алынғанымен, Жымпитыда газет ашу мүмкін болмайды. Баспахана Ойылға көшіріліп, онда «Еркін қазақ» газетінің бір-екі нөмірі шығып, жабылып қалады.

Тек 1920 жылы Жымпитыда Ахмет Мәметовтің редакторлық етуімен «Ерік» газеті шыға бастайды. 1923 басылым Атырауға көшіріліп, қазіргі Атырау облыстық «Атырау» газетінің іргесі қаланады.

1930 жылы жарық көрген Жымпиты (қазір Сырым) аудандық «Қызыл ту» газетінің атауы кейіннен «Қайнар», «Сырым елі» болып өзгерді.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің айтуынша, тарихы бай аудандық газетті 25-тен астам редактор басқарды. Солардың ішінде Қуан Тастайбеков, Ғұбаш Жөндібаев, Ғалиасқар Қосановтарды атауға болады.

Газет басына төнген ауыр күндер де болған. 1973 жылы бұлдыртылық мұғалім Хасан Дабаровтың Алашорда туралы мақаласы шығып, соған байланысты редактор Уәли Сұлтанов партиядан шығарылып, қызметінен қуылады. Содан кейін тізгінді белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақтығұл Ойшыбаев алды.

Әр кезеңде редакторлық еткен Энгельс Шыңғалиев, ақын Махмет Қажиахметов мерейтойлық шараның құрметті қонақтары қатарында болды.

Қазіргі таңда республикаға танымал жас ақын Бауыржан Ширмединұлы басшылық ететін газет көкейкесті мәселелерді көтеріп қана қоймай, ауданның қоғамдық өміріне кеңінен араласып келеді. Мысалы, «Газеттен жасалған үй» жобасы аясында үш үйге газ кіргізілсе, мұқтаж екі отбасыға баспана сатып алынды. Сондай-ақ биыл жазда індет өршіген тұста газет кәсіпкерлерге үндеу тастап, соның нәтижесінде аурухана мен науқастарға дер кезінде көмек көрсетілді.

Аудандық газеттің мерейтойы аясында өңірдегі айтыстың алғашқы қарлығашы атанған Жаңыл Жұрмағамбетованың 95 жылдығына орай мектеп оқушылары мен жастар арасында облыстық айтыс өткізілді.

Оған қоса Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сырым елі» газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташевтің Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан филиалының (басшысы, ақын Бауыржан Халиолла) қолдауымен жарық көрген «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты кітабының тұсауы кесілді.

Айта кетейік, «Сырым елі» - «Жайық Пресс» ЖШС медиахолдингі шығаратын 2 облыстық, 12 аудандық газеттің бірі. Биыл бұдан бұрын Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің 90, Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 80 жылдығы аталып өтілсе, алдағы аптада Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетіне кезек тимек.


Соңғы жаңалықтар