Батыс Қазақстан облысында шекарадағы жағдай тұрақталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарадағы жағдай тұрақталды. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің бастығы Бауыржан Рысбеков қазіргі таңда шекара бекеттерінде ахуалдың дұрысталғанын, түйткілді мәселе жоқтығын жеткізді.

БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншиннің айтуынша, 21 қыркүйектен бері өңір аумағына өткізу бекеттері арқылы 54 мыңнан астам ресейлік азамат кірсе, соның 42 мыңы – 18-55 жас аралығындағы ер адамдар. Келгендердің ішінен 17 мыңы ресми тіркелсе, 7 296-сы халыққа қызмет көрсету орталығына ЖСН алу жөнінде өтініш берген.

Ж. Жаншиннің сөзіне қарағанда, шетелдік азаматтарды қабылдауға байланысты заңнаманы бұзған 70 қазақстандыққа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.


Сондай-ақ, Орал қаласында ресейліктердің қатысуымен үш қылмыс және бір ұсақ бұзақылық тіркелді. Соның ішінде түнгі клуб жанындағы төбелеске қатысқан төрт ресейлік ұсталды. Олар бес тәулікке қамалған болатын. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» ҚР Заңының 28-бабының негізінде ҚР заңнамасын бұзғаны үшін оқиғаның барлық қатысушыларын республика аумағынан шығару туралы шешім қабылдады.


Облыс әкімі Ғ. Есқалиев мәлім еткеніндей, өңірге кейінгі екі аптада Ресейден келгендердің 13 мыңы бірден кетіп қалған. Олар басқа аймақтарға, сонымен қатар шет елдерге аттанған.

«Біз қалған адамдардың кім екендігін толық анықтауымыз керек. Олардың арасында қылмысқа қатысы барлары болуы мүмкін. Егер жоғары білікті мамандар болса, бос орындарға жұмысқа қабылдау мәселесі қарастырылады. Алайда, біз оларға ерекше жағдай жасамаймыз. Әлеуметтік желіде біз ресейліктерге арнайы жұмыс орындарын ашып жатқандай әңгіме айтылып жатыр. Бұл олай емес. Бос орын болса, оған ұлтына қарамастан, кез келген адам орналаса алады. Осы күндері мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен қатар еріктілер, кәсіпкерлер, басқа да азаматтар тыныштықтың сақталуына үлес қосты. Өкінішке қарай, арды ойламай, пайда көздеп, батысқазақстандықтарды пәтерден шығарып, оны ресейліктерге бергендер де болды. Сол секілді кейбір такси жүргізушілері бағаны әлденеше есе өсіріп, көп ақша қармап қалуға тырысты. Тіпті, олар билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынғысы келмеді. Алдағы уақытта пәтерін заңсыз жалға берушілерге 140 мың теңгеге дейін айыппұл салынатын болады. Такси жүргізушілерінің қызметін бақылау да күшейтіледі», - деп түйіндеді кеңесті Ғали Есқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің шекарада қалыптасқан ахуалға байланысты жиын өткізгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар