Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 40 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 40 науқас жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қазіргі кезде 94 төсектік жансақтау бөлімшелері 42,5 пайызға толған.

Арман Қалибековтің сөзіне қарағанда, соның ішінде 35 науқас ауыр, бесеуі аса ауыр халде. 5 адам инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына, 25-і инвазивті емес осындай құрылғыға қосылған. 36 науқастың 28-і жүрек-қан тамырлары ауруларына, 8-і қант диабетіне шалдыққан.

Облыс бойынша пандемия басталғаннан бері тіркелген 36 544 науқастың 28 652-сі (78,4 пайызы) жазылып шықты. 717, соның ішінде биыл жыл басынан бері 548 адам өмірден өтті.

Соңғы тәулікте облыстық жедел жәрдем стансасына барлығы 836 қоңырау шалынса, соның 105-і КВИ-мен байланысты болды, 29 адам стационарға жатқызылды.

Күні бүгін 1 177 науқас амбулаторияда емделіп жатыр. Ал 1 059 төсектік 19 инфекциялық стационар 39,8 пайызға толған. Ауырғандардың дені вакцина алмаған тұрғындар болып отыр.

«Бүгінде қала және аудан емханаларында «Спутник V», QazVac, Vero Cell вакциналары жеткілікті көлемде бар. Осы кезге дейін 214 484 адам вакцинаның бірінші, 184 311-і екінші компонентімен егілді. Емханаларда аптаның барлық күндері таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін егу кабинеттері жұмыс жасайды. Аудандарда және Оралдағы теміржол вокзалы жанында көшпелі медициналық кешен вакцина жасауға шығып тұрады. Осы аптада орталық базар ауданында тағы бір жылжымалы медициналық кешен шығардық», - деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да егілуге жататын тұрғындардың 60 пайызға жуығы вакцина салдырғанын, оқушылар коронавирус жұқтырып, 84 сыныптың карантинге жабылғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар