Батыс Қазақстан облысында 635 адам карантин талабын бұзған
2022 жылғы 4 ақпан 22:23

Батыс Қазақстан облысында 635 адам карантин талабын бұзған

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері «Ashyq» қосымшасы деректері бойынша үйлерінде оқшаулануы тиіс 635 адамның карантин талабын бұзғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім еткендей, соның 628-і – «қызыл», жетеуі – «сары» мәртебесі бар адамдар.

Оның айтуынша, заңбұзушылықтар бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаларға 37 хаттама толтырылып, 1 699 965 теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ жыл басынан бері мемлекеттік шекарадан анықтамасыз 919 жолаушы өтсе, соның 15-інен коронавирус табылды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын, анықтамасы жоқ 834 жүргізушінің 27-сінде тест індет бар екендігін көрсетті.

Өңірде вакцинация жұмыстары жалғасуда.

«Өткен жылдың қараша айының аяғынан бері 44 357 адам ревакцинациядан өтті. Бұдан барлығы 65 351 адам өтуі тиіс болса, қазір соның 67,8 пайызын құрап отыр. Облыс бойынша Pfizer вакцинасымен егілуге жататын 63 765 тұрғынның 8890-ы (13,9 пайызы) бірінші, 5378-і (8,4 пайызы) екінші компонентпен егілді. Індеттің алдын алу үшін екпенің толық курсынан және екі дозасын алғандардың алты айдан кейін ревакцинациядан өтудің маңызды екендігін еске саламыз», деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 18 сыныптың карантинге жабылғанын жазған болатынбыз.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT