Батыс Қазақстан облысында 6 мектеп карантинге жабылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында алты мектеп карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім еткеніндей, биылғы төртінші тоқсанда 1 сәуірден бері 293 оқушыдан коронавирус анықталса, соның 138-і дәстүрлі форматта, 155-і қашықтан білім алады.

Оқу жыл басталғаннан бері індет табылған оқушылар саны 922-ге жетті.

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, күні бүгін қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысымен 6 мектепке қоса 40 мектептегі 69 сынып, 7 балабақшада 7, 1 ЖОО-да 1, 2 орта арнаулы білім беру ұйымында 2 топ карантинге жабылды.

Биыл облыста 8883, соның ішінде қаңтарда – 1837, ақпанда – 1950, наурызда – 2138, сәуірде 3884 адамнан коронавирус анықталды.

Сәуір айында КВИ жұқтырғандармен қарым-қатынастағы 4294 адам медициналық бақылауға алынды.

Соңғы аптада (22-28 сәуір) індет жұқтыру көрсеткіші алдыңғымен (15-21 сәуір) салыстырғанда, 7,2 пайызға (1193-тен 1107-ге) төмендеді.

Сәуір айында ауырғандардың 1370-і (35,2 пайызы) – жұмыс істейтіндер, 975-і (25,1 пайызы) – зейнеткерлер, 908-і (23,3 пайызы) – жұмыссыздар, 293-і (7,5 пайызы) оқушылар болып отыр.

Осы айда 66544 (күніне орта есеппен 2376) ПТР тест зерттеулері жүргізілді.

«Облыста мониторингтік топтар сәуірде 634 рейд жүргізіп, 3422 нысанды қамтыды. 34 нысаннан санитарлық талапты бұзушылық анықталды. 130 хаттама толтырылып, 8,2 млн астам теңге айыппұл салынды», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында биыл 720 бала коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар