Батыс Қазақстан индустриялық даму аясында 90,1 млрд. теңгенің тоғыз ірі инвестициялық жобасын жүзеге асырады - Р.Сапарғалиев

None
None
nbsp; ОРАЛ. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында индустриялық даму елімізде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап көрсеткен болатын. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында не істелмек, қандай шаралар қолға алынбақ, осы жөнінде ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Руслан Сапарғалиевпен әңгімелескен болатын.

- Руслан Қайыржанұлы, алдымен Жолдауда айтылған жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына байланысты алдағы жылдары атқарылар жұмыстарға тоқталсаңыз?

- Президент тапсырмасына сәйкес еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы таяуда Үкімет отырысында қаралғаны мәлім. Бағдарлама аясында ішкі сұранысқа бағытталған салалар мен дәстүрлі өндірістердің аумақтық орналастыруына сәйкес Батыс Қазақстан облысында мұнай-газ және машина жасау саласын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл түсінікті де. Өйткені мұнай-газ саласында «ҚПО б.в.» компаниясы Қарашығанақ-Орал газ құбыры құрылысын жүргізіп жатқаны белгілі, сондай-ақ Қарашығанақ қайта өңдеу кешені 4-ші технологиялық желісінің құрылысы жалғасады. Ал «Жайықмұнай» ЖШС Чинарев кен орнында газды даярлау кешенінің құрылысын 2010 жылы аяқтамақшы.

Машина жасау саласында бағдарлама аясында арматура өндірісі, сорғы, жедел бұрғылау өндірісі дамитын болады, сонымен қатар қуаты жылына алты газтурбиналы электростансы және сегіз газ айдау агрегатын шығаруға жететін өндіріс жолға қойылмақшы.

Облыста соңғы жылдары құрылыс индустриясының қарқынды дамуына байланысты көптеген жаңа өндіріс орындарының ашылғанын ескере отырып, облыс әкімдігі тарапынан бағдарлама аясында аталмыш саланы да дамыту туралы ұсыныс жолданды. Сол секілді облыста экспорттық әлеуеті бар салалар ретінде туризм мен ауыл шаруашылығы да назардан тыс қалмайды. Бұл өңірдің соған сай келетін өндірістік және қайта өңдеу базаларының бар екендігіне және Ресей Федерациясының бес бірдей облысымен шектесетіндігіне байланысты. Сондықтан индустрияландыру картасы аясында экспорттық бағыттағы бірнеше жоба жүзеге асырылмақшы.

- Ендеше, биыл және алдағы жылдарға белгіленген индустриялық жобаларға бөлінген қаржы көлемі қандай?

- 2010 жылы жалпы құны 90,1 млрд. теңгеге тоғыз ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, «Дамыған инфрақұрылымымен қазіргі заманғы мал бордақылау алаңын салу» («Crown Батыс» ЖШС ), «Чинарев кен орнында газ дайындау қондырғысы» («Жайықмұнай» ЖШС), «Ешкі сүтін және сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын зауыт» («Бисекеш» ЖШС), «Мия тамырын қайта өңдеу цехын ұйымдастыру» («Licorice Kazakhstan» ЖШC), «Қарашығанақ-Орал» газ құбыры құрылысының 2-кезеңі («ҚПО б.в.»), «Металл құрылымдарын ыстықтай мырыштау қызметі өндірісін ұйымдастыру» («Металл бұйымдары» БӨК» ЖШС), «Қуаты 54 мВт газтурбиналық электр стансасының құрылысы» («Орал қаласында салынатын ГТЭС әкімшілігі» ЖШС), «Ұсақдисперсті өнімнен жасалған есіктер өндірісі цехын ұйымдастыру» («Алтим-Стройдеталь» ЖШС), «Газ айдаушы агрегаттар және газтурбиналық электростансаларды дайындау және шығару» («Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ) жобалары қолға алынды.

Газтурбиналық электрстансысының құрылысына «Батыс» ӘКК» ҰК» АҚ 2 гектар жер бөлді. Сондай-ақ оны жыл сайын 150 млн. текше метр көлемінде газбен қамтамасыз ету жөнінде «Жайықмұнай» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылды. Аталмыш жобаны әрі қарай жүзеге асыру мақсатында жыл сайын «ҚПО б.в.» компаниясы облыстың әлеуметтік жобаларына бөлетін қаражат есебінен 3,0 млрд. теңге, сондай-ақ «Қазақстанның даму банкі» АҚ арқылы 6,5 млрд. теңге қаражат бөлу мәселесі шешілді. Бүгінгі күні негізгі корпустың құрылысы жүргізілуде.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ технологиялық жабдықтардың бірінші кезегі - құбырлы ауақыздырғыштарды даярлап, негізгі жабдықтарды тасымалдау жөнінде ресейлік компаниялармен келісімшарт жасады. Алдын ала төлем жартылай төленді. Алғашқы генератор 2010 жылғы шілденің 1-інде іске қосылмақшы. Сыртқы желіні жобалау үшін облыстық бюджет есебінен 30 млн. теңге бөлінді.

«Дамыған инфрақұрылымымен қазіргі заманғы мал бордақылау алаңын салу» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Crown Батыс» ЖШС-не республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қаражат бөлінді. Жобаның құны - 3,2 млрд.теңге. Мұнда әкімшілік ғимаратын және қосымша орындарды қайта құру жұмыстары аяқталды. Элеватор және жем цехтарында жабдықтарды монтаждау жұмыстары тәмамдалып келеді. Нысанды 2010 жылдың маусым айында іске қосу жоспарланып отыр.

«Чинарев кен орнында газ дайындау қондырғысы» бойынша кәсіпорынның өз қаражаты есебінен қажетті жабдықтардың 90 пайызы тасымалданды, құрылыс-монтаж және басқа жұмыстар жүргізілуде.

«Қарашығанақ-Орал» газ құбыры құрылысының 1-ші кезені 2009 жылдың желтоқсанында аяқталған болатын. Қазіргі кезде газ құбыры құрылысының екінші кезені бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда.

«Ешкі сүтін және сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын зауыт» «Аграрлы несиелік корпорация» АҚ қаражаты есебінен іске қосылмақшы. Бүгінде кәсіпорынның өз қаражаты есебінен өндірістік база және мал орыны құрылысы салынуда. Ешкілер мен жабдықтарды тасымалдаушылармен алдын ала келіссөз жүргізілді. Атап өтерлік жайт, өндірісте итальяндық жабдықтар орнатылмақшы.

«Мия тамырын қайта өңдеу цехын ұйымдастыру» жобасы бойынша зауыттың құрылыс алаңы даярланып, 88 млн. теңге көлеміндегі «Батыс» ӘКК» ҰК» АҚ қаражаты есебінен жабдықтар тасымалдануда, сондай-ақ құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар «Батыс» ӘКК» ҰК» тарапынан қосымша 70 млн. теңге бөлу қарастырылуда.

«Газ айдаушы агрегаттар және газтурбиналық электрстансыаларды дайындау және шығару» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ-мен меморандум жасалды.

ҚР Премьер-Министрінің өкімімен аталған жобалардың жүзеге асырылуын бақылайтын штабтар құрылды. Мәселен, «Crown Батыс» серіктестігінің «Дамыған инфрақұрылымымен қазіргі заманғы мал бордақылау алаңын салу» жобасы бойынша штаб басшысы болып «Қазагро» АҚ-ның төрағасы Асылжан Мамытбеков бекітілді. Ал қалған сегіз жоба бойынша құрылған штабқа облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Штабтар құрамына салалық вице-министрлер, министрліктердің жауапты қызметкерлері, ұлттық холдингтер және даму институттарының басшылары кіріп отыр. Таяуда облыс басшысының төрағалық етуімен орталық мемлекеттік органдар және даму институттары өкілдері қатысқан кезекті штаб отырысы өткізілді.

- Президент Жолдауында елдің батысында мұнайгаз, химия өнеркәсібін, жабдықтар өндірісі мен көліктік қуаттарды дамыту туралы атап өтілді. Бұл ретте қандай шаралар қолға алынбақ?

- Әрине, Елбасының бұл тапсырмасы ерекше назарда. Мұнай-газ саласында 2010 жылы құны 71,9 млрд. теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Атап айтқанда, Қарашығанақ-Орал газ құбыры құрылысының 2-ші кезеңі және Чинарев кен орнында газ даярлау кешенінің құрылысы. Ал құны 148 млрд. теңгені құрайтын «Қарашығанак қайта өңдеу кешенінің 4-ші технологиялық желісінің құрылысы» және «Ұңғыманы апатты жағдайда өшіру және басқару жүйесін қайта жанғырту» деп аталатын тағы қос инвестициялық жоба 2011 жылдың еншісінде.

Машина жасау саласында да көптеген жаңа өндіріс орындары іске қосылмақшы. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ базасында әлемдегі озық жабдықтар негізінде ГТЭС және газ айдаушы агрегат өндірісін игеру жоспарлануда. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ ҚР ҰҚК Шекара қызметі үшін «Барыс» кемесіне қоса FС-19 күзет катерінің екінші данасын қолға алмақшы. Сонымен қатар су ығыстырғыштығы 350 тоннаға дейін жететін кеме құрастыру көзделуде. Жалпы, бұл кәсіпорынның су ығыстырғышы 500 тоннаға дейінгі кеме шығара алатын мүмкіндігі бар.

Облыстың химия өнеркәсібін тілге тиек етсек, сұйық азот және кислород шығаратын және қайта өндейтін «Азот зауыты» ЖШС және «КазКреопром» ЖШС-ін айтуға болады. Оған қоса «Оралагрореммаш» АҚ-да да оттегін қайта өндейтін цех жұмыс жасайды.

Қазақстан Республикасының химиялық өнеркәсібін дамытудың 2009-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында болашақта Қарашығанақ кенішінде газхимиялық кешен құрылысы қарастырылған. Аталған кешенде «Қазақстандық минералдық ресурстар» тау-кен компаниясы» ЖШС метанол, полипропилен, метионин, формальдегидті қара май, метил-трет-бутил эфирі, жоғары октанды жанар-жағар май және дизельдік отын өндірісін ұйымдастыруды көздеп отыр. Бұл өндірістерді жобалау 2011-2012 жылдарға, зауыттар құрылысы 2013-2014 жылдарға жоспарланған.

Сонымен қатар аталмыш компания Үшбас және Герес кен орындарында «Минералдық тынайтқыштар өндірісі» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізуде. Күні бүгін оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, сараптама қорытындылары шығарылды. Кен орындарын пайдалануға байланысты ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен «Ушгер» АҚ арасында келісімшарт әзірленіп, келіссөз жүргізілуде. Бұған қоса «БатысКалий» ЖШС калийлі минералды тынайтқыштар өндірісін жолға қоймақшы. Бұл жоба жүзеге асқанда, жылына 1 млн. тонна тынайтқыш шығарады.

Қорыта айтқанда, өңір дамуын жеделдететін жаңа жобалардың берері мол болмақ.

Соңғы жаңалықтар