Батыс ғұндарының астанасы Ақтөбе болды деп ойлаймын – түрік ғалымы

None
Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Ақтөбе облысының мәдени-тарихи мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттаудың өзекті мәселелері» атты жиынға қазақстандық және шетелдік зерттеушілер қатысты. Түркиядағы Йедитепе университетінің профессоры Ахмет Ташағыл батыс ғұндарының астанасы Ақтөбе болады деген ойын ашық айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, зерделеу үшін 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы бар.

Осы бағыттағы жұмысты жан-жақты жүргізу үшін еліміздің бірнеше өңірі мен шетелден арнайы ғалымдар шақырылды.

Олар Ақтөбедегі археологиялық қазба жұмыстарының бағытына тоқталды.




«Тас дәуірінен бастап ерте темір, сонау ғұн дәуіріне дейінгі ескерткіштер зерттеледі. Биыл жазда көптеген қазба жұмысы ұйымдастырылады. Бар назарды ғұн дәуірінің ескерткіштеріне бұрамыз. Ақтөбе облысы ғұн дәуірінің ескерткіштері шоғырланған орталық екенін дәлелдеуге күш саламыз. Пәнаралық зерттеулер жүргізіп, үлкен нәтижеге қол жеткізгіміз келеді», - деді Ә. Марғұлан атындағы археология институты Астана филиалының директоры Азат Айтқали.

Қазақстанда ғұн дәуірі кезеңі аз зерттелген. Ғалымдар осы кезеңге қатысты деректерді толықтыру үшін археологиялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.

«Биыл ғұн дәуірін зерттеу үшін 4-5 экспедиция жұмыс істейді. Сонымен бірге тас, қола, ерте темір дәуірін де зерттейміз», - Ә. Марғұлан атындағы археология институты Астана филиалының директоры Азат Айтқали.

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлының айтуынша, қазір елімізде талдамалы-эксперттік ойға басымдық беріледі.

Оны өзге елдің емес, Қазақстанның кадрларынан ғана білеміз.




«Мақаласын, кітабын жазып отыратын ғалымдарға эксперт ретінде қызмет істеуге тапсырма берілді. Елімізде Қазақстан тарихы кітабының 7 томдығы жазылады. Бірінші томына Ә.Марғұлан атындағы археология институты жауапты. Тас дәуірінен бастап, V ғасырға дейінгі ғұн дәуірі қоса есептеледі. Негізі концепция – Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында тұрған далалық өркениеттің бесегі, ежелгі өркениетті жасаған бір ел. Қазақстанның әлемдік тарихтағы рөлін аша білуіміз керек. Ақтөбеге келер болсақ, ескерткіштердің саны да, түрі де көп. Бұл жерден екі экспедиция шығады. Ақтөбе – ең алғашқы адамдардың қоныстанған өңірлердің бірі. Бұл жай сөз емес, ғылыми дәлелденген дүние. Мұнда миллион жыл бұрын адам тұрған. Мәртөк ауданындағы Жамансу, Мұғалжар ауданындағы қоныстар бар. Екіншіден, Мұғалжар – Еуразиядағы ең үлкен тау-кен орталықтарының бірі. Қарғалы ауданында Таранғұл қонысы табылды. Соны әрі қарай зерттейміз», - дейді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы.




Ғалымдар ғұндар дәуірін жазу үшін кешенді жұмысты бастады.

Енді Қазақстанның батысындағы архивтердегі, музейіндегі құжаттар зерделенеді. Далалық зертттеу жұмыстары жүргізіледі.

Болжам бойынша Ойыл-Қобда аумағындағы элитилық ғұн ескерткіші, Мұғалжар аумағындағы ескерткіштер зерттеледі.

Сөйтіп биыл қыркүйек айында облыста халықаралық ғылыми конференция өтеді.




«Біз қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Түркия ғалымдары түрік тарихына көп мән береді. Ғұндар шығыстан батысқа қалай барды? Осы қызық. Батыс ғұндарының астанасы Ақтөбе болды деп ойлаймын», - деді Йедитепе университетінің профессоры Ахмет Ташағыл.





Соңғы жаңалықтар