«Батырлар жолы»: Самал Еслямова кімнің рөлін сомдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Батырлар жолы» телехикая күзде «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Аталған жобаға Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова түсіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Самал Еслямова әлеуметтік желілер арқылы «Батырлар жолы» телехикаясына түсіп жатқанын өзі жеткізді. «Мен өзім қазақ киносына түскенді армандап жүрдім. Сөйтіп, былтыр осы жобы жайында естіп, суреттерімді жібердім. Міне, өзіңіз көріп тұрғандай мені жаңа жобаға шақырды. Бұл жердің энергетикасы маған өте ұнайды, жұмыс істеген жеңіл. Алғашқы бөлімге түскенімді қыс бойы еске алдым. Режиссермен жұмыс істеген де ұнайды. Ол нақты тапсырма беріп отырады. Сол жағы өте ыңғайлы. Меніңше, көрермен қауымға жаңа жоба ұнайды. Себебі бұл - өзіміздің туындымыз, қазақтың картинасы», - дейді С.Еслямова. Алайда әртіс нақты кімнің рөлін сомдағанын айтпады.

«Батырлар жолы» телехикаясының режиссері Асқар Ұзабаевтың айтуынша, Самал Еслямова Қарасай батырдың анасын ойнайды. Көрермендер онымен алғашқы бөлімде танысады. Бірақ сюжет бойынша батырдың анасы жаудың қолынан қаза табады. «Бірінші серияда Қарасай батырдың анасын көрсетеміз. Ол әлі аяғы ауыр болып жүреді. Сондай эпизодтар бар. Сосын Қарасай батыр өмірге келеді. Батырдың анасы жоңғарлардың қолынан қаза табады. Бірақ фильм кезінде Қарасай өз анасын үнемі еске алып отырады. Көз алдына бейнесі келеді. Анасы көріпкел болған. Ол қасиеті баласына да берілген. Тарихта да солай айтылады. Біз оны да көрсетуге тырыстық», - деді А.Ұзабаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, жаңа жобада XVII ғасырдың тарихи оқиғалары баяндалады. Атап айтқанда, Қазақ хандығының ішкі проблемалары, ру-тайпалардың күресі, соның ішінде Қарасай батыр мен оның үзеңгілес достары - Ағынтай мен Таймас батырлардың ерліктері көрсетіледі.   

Телехикаяда Самал Еслямова, Назар Сұлтанбаев, Әшім Ахметов, Жандос Айбасов, Мөлдір Мекенбаева, Алдабек Шалбаев, Дулыға Ақмолда сынды актерлар түсті. Оператор коюшы -  Еркінбек Птыралиев, атқарушы продюссері - Ринат Сафаров, ал әскери трюктер Жайдарбек Күнгіжіновтың жетекшілігімен қойылды.

Еске салсақ, қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-інші Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жеңімпаз атанған еді. Кейін министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық актрисаны фестивальдегі жетістігімен құттықтады. Самал Еслямова ресейік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты картинасында басты рөлді сомдады. 

C. Еслямова 1984 жылы 1 қыркүйекте туған. 2011 жылы Ресейдің театр өнері университетін (ГИТИС) бітірген. Бұған дейін ол «Тюльпан» фильмінде басты рөлді ойнаған. Туынды 2008 жылы Каннда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін, Францияның білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алған болатын. 

Соңғы жаңалықтар