Батырхан Шүкеновтің әндері телеарнада онлайн шырқалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Танымал әнші Батырхан Шүкеновтің туған күніне орай «Хабар» арнасында әншінің жанкүйерлері ерекше флешмоб өткізді. Әншінің шығармашылығын сағынғандар оның репертуарындағы танымал туындыларды онлайн режимде бірге шырқады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батырхан Шүкенов тірі болса бүгін 58 жасқа толар еді. Оның өмірден өткеніне биыл бес жыл өтті. Әйтсе де әншінің көзі кеткенімен, оның әні мен шығармашылығы мәңгілік өлмеске айналды.

«Батырдың әндерін бірге шырқайық» атты акцияға отандастарымыз ғана емес, шетелден жанкүйерлер де қатысты. Бірінші болып онлайн режимдегі акцияға астаналықтар қосылды. «Қазақстан» орталық концерт залының ғимаратында елімізге белгілі өнер қайраткерлері «Отан Ана» әнін орындады.

Алматыда акцияға өнер қайраткерлері мен жастар атсалысты. Республика сарайының алдында актриса Бибігүл Сүйіншалина, Дина Тасболатова, сондай-ақ Роман Ким «Джулия» әнінің бірінші шумағын әуелете шырқады. Бұл әнді Бішкектегі жанкүйерлер іліп әкетіп, акция халықаралық сипатқа ие болды.

Батырхан Шүкенов Қызылорда өңірінің тумасы. Әншінің туған күнінде Қызылордада жастар мен мәдениет саласының өкілдері, Батырханның туған-туыстары бас қосты. Олардың әрбірінің қолында әншінің портреті болды. Олар тікелей эфирде «Қайран көңіл-ай» композициясын орындады.


Соңғы жаңалықтар