Батыр Жүкембаев нокаутқа түсірудің құпиясын ашты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBO International және WBC Continental Americas титулдарының иесі Батыр Жүкембаев нокаутқа түсірудің құпиясын айтты, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Боксшы кәсіпқой рингте осыған дейін өткізген 13 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен, 11 қарсыласын нокаутқа жіберген. Тағы бір айта кетерлігі, Батыр кездесулерінің барлығын Канадада өткізген.

«Ет пен қымызды сағындым. Мүмкіндік болды дегеннен-ақ Отанға оралып, уақытымды отбасыммен бірге өткізгім келеді... Екі жылда Канададағы өмірге де бейімделдім, Монреальда тұрамын. Канадалықтар да қазақтар сияқты қонақжай халық. Ол жақтағы қазақтармен достасып алдым, байланысты үзбейміз», - дейді Батыр Жүкембаев.

Боксшы IBO International және WBC Continental Americas титулдарына қол жеткізу үшін көп еңбектену қажеттігіне тоқталды.

«Әрбір боксшы алғашқы жеңістерін, белдіктерін есте сақтайды. Оларды жеңу маған оңай болған жоқ. IBO International белдігін алу да үлкен жетістік. Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймын. Өз салмағымның абсолюттік чемпионы болғым келеді. Бірақ бәрі де маған байланысты емес. Кіммен айқасатынымды промоутерлер мен менеджерлер шешеді. Егер «Ертең-ақ рингке шығуға дайынсың ба?» деп сұраса, сенімді жауап беремін», - дейді Батыр Жүкембаев.

null

Батырдың айтуынша, канадалық жанкүйерлер оны «өзіміздікі» деп атай бастаған.

«Менің соңғы жекпе-жектерім зәулім спорт кешенінде болды. Жанкүйерлер қолтаңба сұрап, бірге суретке түсуді ұсынады. Әрине, АҚШ-та кездесу өткізуді жоспарлап жүрмін. Бірақ ол үшін HBO және ESPN телеарналарымен келісімшарт жасасу қажет», - дейді ол.

Жүкембаев соңғы жеті қарсыласын нокаутпен жеңген.

«Кәсіпқойлар арасында әртүрлі боксшылар бар. Кейбіреулер шоу көрсеткісі келеді, енді біреулер қарсыласын «өлтіре салады». Маған төпелете шабуылдаған ұнайды. Күшке салып ұру - менің стильдік ерекшелігім. Дегенмен соңғы кездесулерде қарсыластарымды ерте нокаутқа жіберуді мақсат етпеген едім. Бірақ осылай аяқталды», - дейді Батыр Жүкембаев.

null

Соңғы жаңалықтар