Батуми портында ереуілшілер жұмыстарына оралды - ҚазТрансОйл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аштық жариялаған Батуми теңіз портының жұмысшылары ереуілдерін тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мұндай шешімге Батуми теңіз портының жұмысшылары мен кәсіподағы, Аджария Автономдық Республикасының билік өкілдері және «Батуми мұнай терминалы» Жауапкершілігі шектеулі ұйымы басқарушы компаниясының жетекшілігі қатысқан келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді.  Жағдайды ретке келтіру барысы туралы қоғам мен БАҚ-қа хабар беріліп отырады», - деп хабарлады компания.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Батуми теңіз портында 8 жұмысшы аштық жариялаған болатын. Олардың талабы - жұмысшылар тарабының келісімі бойынша жұмыстан шығарылған зейнет жасындағыларды қайта қабылдау; Пасха мерекесіне орай қаржылық көмек бөлу; сақтандыру пакетін қайта қарау; жалақыны көтеру.

Батуми теңіз портының әкімшілігі аштық жариялағандарды сумен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен. Медициналық көмек бригадасы ұйымдастырылып, дәрігерлер үздіксіз кезекшілікке қойылды.

Жұмысшылармен келіссөз үшін «ҚазТрансОйл» АҚ-ның басқарма мүшелері - бас директор орынбасары Орал Ыдырысов пен басқарушы директор Жайдарман Исақов Батуми қаласына барды. 

«ҚазТрансОйл» АҚ магистральдік мұнай құбыры бойынша Қазақстанның ұлттық операторы. 2017 жылдың 22 тамызынан бастап, «Батуми мұнай терминалы» жауапкершілігі шектеулі ұйымның 100 пайыз үлесіне ие. «Батуми мұнай терминалы» мұнай мен газды тасымалдау, жеткізу және сату, сондай-ақ мұнай өнімдерін өңдеу жұмыстарымен айналысады. 

Соңғы жаңалықтар