Баталы ерге бақ қонар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы елімізде өткізіліп жатқан мерекелік іс-шаралар ұлы Тәуелсіздіктің мерейлі салтанаты екені баршамыз үшін айтса тіл жетпейтін мәртебе.

 Ол - халқымыздың әрбірінің де мәртебесі. Өйткені Тәуелсіздік мүддесінде әрбір азаматтың да мүддесі бар, деген жүрекжарды пікірін білдіреді  «Ана тілі» басылымында Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Аягүл Миразова.

«Дабысына табысы сай Тәуелсіз­дігіміздің 25 жылында еліміздің шыққан биіктері - мақтаныш. Бұл мақтаныш - жаңа асуларды алуға жұмылдыратын қасиетті сезім. Өздеріңізге белгілі небәрі ширек ғасыр уақыт ішінде Қазақстан тұрмыс сапасы артқан, экономикасы қарқынды дамып отырған, ішкі бірлігі мықты, саяси тұрақты, шекарасы шегенделген, бейбітшілік туын тіккен әлемдік қауымдастық санасатын беделді елге айналды.

Біз Елбасы басшылығымен жаңа Қазақстанды, Ұлы дала елін құрдық. Біз көптеген сынақтарға төтеп бердік. Сондай сындарлы кездерде де Мемлекетіміз өз дамуының барысында ешқашан да білім беру саласын назардан тыс қалдырған емес. Тіпті күрделі болған 90-жылдардың ортасында да, одан кейінгі бүкіләлемдік қаржылық дағдарыстар кезеңдерінің ықпалы сезілген жылдарда да, сондай-ақ тұрақты қалыпты даму күндерімізде де жаңа, осы заманғы мектеп, балабақшалар салуды өрістетіп, мұғалім мен тәрбиешілер жалақысын арттырумен келеді.
2014 жылдың басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев XXI ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы - «Мәңгілік Ел» деп жариялады. Тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, жарқын келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Бабалардан қалған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, Тәуелсіз Қазақстанға өз үлесіңді қосып дамыту, кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау - Мәңгілік Ел идеясының түпкі мұраттары осы!
Тәуелсіздік пен Мәңгілік Ел - егіз ұғым. Барша­мызды осы ұлы егіз ұғым рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегінде орнайды. Ол әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрады.
Елбасымыз «Мәңгілік Ел» - бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенім артатын идея. Мәңгілік Ел - Отанымыздың біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі - Мәңгілік Ел! Ол - барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы» деп атап көрсетті. Мәңгілік Ел - Тәуелсіздіктің өмірлік флософиясы екенін нұсқай отырып, бас­ты-басты құндылықтарды Мәңгілік Мұраттар деп танытты. Олар: «Біріншіден, бұл - Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл - қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл - зайырлы қоғам және ру­ханият. Төртіншіден, бұл - индус­трияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Ал­тын­шыдан, бұл - тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақ­тығы. Жетіншіден, бұл - еліміздің ұлттық қауіп­сіздігі мен бүкіләлемдік өңірлік мәселе­лерді шешуде жаһандық тұрғыдан қатысуы». Бұлар «Қазақстан - 2050» Стратегиясының негізіне салынған.
Міне, осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жетіп, елімізді нығайтып, ұлы жетістіктерімізді еселеп келеміз. Елбасымыз осыны ескерте келіп: «Әсіресе, жастарға мынаны айтамын. Бұл стратегия сендерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көрсететін де сіздер. Осы жұмысқа әрқайсыңыз атсалысыңыздар» деді. Бұны жас ұрпақтың алтын бесігі мектепке де арналған көсемдік жол деп білеміз. Демек, бұл Мәңгілік Ел идеяларының жүзеге асуы ең алдымен мектепте жүретінін және оның бағдарламалық негізі жоғарыда аталған ұлы құндылықтар екенін көрсетеді.
Еліміздің әрі қарайғы дамуының бағыттарын айқындап берген Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам бағдарламасының 89-қадамында мектептік білім беру қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік Ел» құндылықтарын енгізу туралы нұсқау берілген. Ол «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасы арқылы жас ұрпақтың мемлекет тарихын, оның жетістіктері мен табыстарын оқып білуді міндеттейді. Осындай жолмен отансүйгіштік негіздерін қалыптастыру көзделеді.
Осы негізде мектептің білім мазмұны Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы жас ұрпақты Мәңгілік Ел құндылықтарының иесі етіп баулуды мақсат етуі тиіс.
Елімізде білім саласында басталған реформалар одан әрі жалғасын табуда. Олар педагогикалық білімді, жалпы орта және колледж бен жоғары кәсіптік білімді жаңғыртуды, инновациялық, интеграциялық үрдістерді жүзеге асыруды, қабілеттігі жоғары маман даярлауды көздейді. Бұлар, түптеп келгенде, «Мәңгілік Ел» идеясын әрбір оқушының, әрбір жас түлектің санасына сіңіріп, отансүйгіштік сезімдерінің нығаюын қамтамасыз етуге бағытталады.
Мәңгілік Ел - жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы бола отырып, әрқашан ұлттық тәрбиеге нақты көңіл бөлуді меңзейді. Ұлттық тәрбие өрісін Мәңгілік Ел идея­лары аясында кеңейту бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындауға қызмет етеді. Ұлттық тәрбие өркениет өнегесінде тіл, тарих дәстүрді меңгере отырып жүзеге асады, «Қазақстан - 2050» стратегиясының орындалуына қол жеткізетін ұрпақты дайындайды. Мұнда Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген ескертпесі деп ойлаймын. Ұлттық тәрбие Мәңгілік Ел идеяларын әділ жүзеге асырудың басты құралы, өзекті арқауы болуға тиіс.
Мәңгілік Ел идеясының құндылықтары тіл арқылы жеткізілетіні жалпыға аян. Осыған орай елімізде үш тілділікті өмір салтына енгізу қолға алынуда. Өйткені мемлекеттік тілмен қоса орыс және ағылшын тілдерін игеру - Қазақстанның бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылуының кепілі әрі мүмкіндігі. Қай жерде болмасын, мейлі қалада, мейлі ауылда әрбір бала білім мен дамудың кілті болып отырған ағылшын тілін меңгеруі тиіс. Заманның талабы - осы. Туған тілге жанашырлық тілектен туатын күдік күмәніне Елбасы Н.Ә.Назарбаев дәйекті сөз айтқан болатын: «Қазақ тілі - үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді қолданып, дамыту». Бұл орайда мемлекетіміз өз тарапынан тілді дамытуға барынша қажетті жағдай жасауда. Соның ішінде мемлекеттік тілді оқытуға негізгі мектептің барлық сыныптарында оқу жоспарында аптасына 5 сағат берілуі - осының бір айғағы. Сондай-ақ мемлекеттік тілді ұсынудағы білім мазмұны мен оны оқыту технологиясы да өзгертілді. Білім мазмұны да оны оқыту әдістері де халықаралық стандарттарға, технологияларға жақындатылып, теориядан тәжірибелік сөйлеу әрекеттеріне көшіріліп, жеңілдетілген, бейнелік, креативтік сипатқа келтірілуде.
Елімізде қазақ тілінің сақталуы, қолданысы, дамуына қамқорлық сөз жоқ, мемлекеттік іс. Сонымен қатар ол азаматтық та іс екенін ұмытпаған абзал. Бұны қазақ тілі ана тілі болып табылатын азаматтардың да естен шығармауы абзал. Қалалық қарапайым байырғы тұрғындарын айтпағанның өзінде - биікте, ғылымда, өнерде, мәдениетте, бизнесте, кәсіпкерлікте орта және ортадан жоғары буындарда жүрген қандастарымыз өзара ана тілінде сөйлеуге құлықсыз бола тұра, өз балаларымен отбасында ана тілінде шүйіркелеспей жүріп, бұған мемлекетті, заманды кінәлап, айыптап шыға келетіні ащы болса да айтайын - шындық. Шындық болғанда да зарлы, шыңғырған ұлт шындығы! Әрине, Ата Заңымыз бойынша, кім қай тілде сөйлесе де ерікті. Дей тұрғанмен, жазылмаған бабалар аманаты бар емес пе. Қазақтардың өздері туған тілін құлпыртып ұрпақтан-ұрпаққа табыс­тауы ­міндет!
Елбасы атап көрсеткендей, «Бүкіл қоғамы­мыз­ды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде» қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге атсалысу - барша қазақстандықтардың асыл парызы. Оған бүкіл қоғам, барша жұрт болып, отбасынан бастап, әр мекеме мен ұйым белсене араласып, әркім жүрген жерінде, отырған орнында қазақша сөйлесуді өмір салтына айналдыруы абзал. Бұл білім мен тәрбиенің астасып, бір өрімде дамуына ықпал еткен болар еді.
Тәуелсіздік тұғырының биіктігін, Мәңгілік Ел құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіруде, оларды отансүйгіштікке, еңбексүйгіштік пен ұлтжандылыққа баулуда мектеп оқулықтарының қызметі жетекші мәнге ие екені аян. Осы орайда Мәңгілік Ел идеялары тұрғысынан мектеп оқулықтарын қайта қарау керек болады деп ойлаймын. Бұл науқан емес - стартегия, сондықтан оқулықтарды асықпай дайындау қажет.
Мәңгілік Ел идеяларының білім беруде жүзеге асуына бүгінгі күндердегі басталған жаңа өзгерістер де қызмет ететінін айту керек. Атап айтсақ, «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында бес күндік оқу аптасының енгізілуі, білім берудің үштілді жүйесіне көшу және оқу жүйесінің ұзартылуы, 12 жылдық мектепке біртіндеп көше бас­тау, білім беру қызметкерлерін жаңаша дайындау және қайта дайындау сияқты өзгерістер басталуда. Мысалы, өзінің мыңжылдығын атап өтіп жатқан Алматы қаласының мектептерінде 30 мыңнан астам 1-сынып оқушылары Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде оқуды бастады. Қаламыздағы педагог қызметкерлердің біліктілігін көтеретін «Өрлеу» институты базасында 2748 бірінші сыныпты оқытатын және пән мұғалімдері курстардан өтті. Оқытудың жаңартылған білім беру мазмұнына сапалы көшуді қамтамасыз ету мақсатында оқытудың жаңаша түрлері мен әдістерінің флагманы болып табылатын Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату қолға алынған. Бұл - мектеп оқушыларының бойында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға білім мазмұны мен оқыту технологиясын бағыттаудың бірден-бір тиімді жолы деп есептелінуде.
Елбасы Тәуелсіздік күніне арналған жиында «Халқымыздың қастерлі Тәуелсіздігі мен Мәңгілік Еліміздің болашағы мені қатты толғандырады» дей отырып, «Тәуелсіздік толғауын» жариялады. Ол азат еліміздің бүгінгі буынының ерен істерін лайықты жалғастыратын азаматтарға, күллі жастарға, ертеңгі ұрпаққа арналған. Елбасының: «Тәуелсіздік дегеніміз - Жалпыға Ортақ Еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі... әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі» деп айтқанындай, білім беру қызметкерлері Мәңгілік Ел болу мұраты жолында өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға, Мәңгілік Ел идеяларын білім беру саласында жүзеге асуына аянбай атсалысуда, бұл - баршамыз үшін ортақ абыройлы іс, азаматтық парыз.
Өзінің 25 жылдығын жас мемлекетіміз әлемдік өркениеттер көшінің сапында Нұрлы Жолмен Мәңгілік Елдің құндылықтарын жүзеге асыра отырып, жасампаздықпен, жеңісті қадамдармен қарсы алуда. Президенттің жастарға: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген баталы аманат сөзі біздің де, яғни білім қызметкерлерінің де Мәңгілік Ел идеяларын мектепте жүзеге асырудың бағдаршамы деп білеміз. «Баталы ерге бақ қонар» дейді халқымыз. Елбасы батасы жастарымызға бақ болып қонсын! Мәңгілік Ел құндылықтарының рухында жастарды тәрбиелеуде өрнек болсын! «Өнер кілті - өрнекте» деп халқымыз бекер айтпаған. Білім беру өрнегінің Мәңгілік Ел өрнегі болып қызмет етуінде үлес болар деп өз ұсыныстарымды жасағым келеді:
Мектепте «Мәңгілік Ел» идеяларын жүзеге асыруда стандарттық білім мазмұнына Мәңгілік Ел құндылықтарын кең және тиімді енгізу ғылыми-әдістемелік мұқият зерттеулерден туындаған озық талғаммен жасалса деген ой туындайды. Бұл жерде білім стандарттары, бағдарламалар, оқулықтар сияқты білім мазмұнының құрылымын құраушыларды жасайтындар үшін ғылыми-әдістемелік арнайы концепциялар мен нұсқаулық актілер алдын ала дайындалу керек деп ойлаймын. Олар білім мазмұнын түзуші авторлардың жұмысын сараптау құралы деңгейінде де жасалса.
Мәңгілік Ел идеяларын сабақтан тыс жұмыстардың өзегіне салу да жоғарыдағы концепцияларда ескеріліп, нақты жолдары көрсетілуі тиіс деп білемін.
Жалпы білім беретін әрбір сыныпта арнаулы «Мәңгілік Ел» құндылықтары» деп аталатын оқушылардың тұрақты оқулары ұйымдастырылса. Ол одан әрі мектептік, аудандық, қалалық, республикалық деңгейлерде дамытылса, оның ынталандыру тетіктері жасалса - нұр үстіне нұр болар еді.
«Мәңгілік Ел» құндылықтарын бойынша бейнелі құралдар, әдістемелік, теориялық-практикалық оқу құралдары кең түрде дайындалып таратылса.
«Мәңгілік Ел» құндылықтарын жас ұрпақ бойына сіңіру теориясы мен тәжірибесі бойын­ша республикалық педагогикалық оқулар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу қолға алынса»,-дейді Қазақстанның Еңбек Ері.

Соңғы жаңалықтар