Бата босағада қалып, тост төрге озып жатыр - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде өңірлік қазақтілді мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына аймақтарда жарық көретін баспасөзге шолу ұсынады.

* * *

Советская неге сіресіп тұр?- «Орал өңірі» газеті

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі бірқатар елді мекендер мен жер-су атаулары қазақыланды. Тарихи атаулар қайтарылып та жатыр. Әйтсе де осы бағыттағы әлі де шаралар жалғасуы тиіс. «Орал өңірі» газетінде оқырман осыған назар аудартады.

«Облыс орталығына жақын орналасқан Подстепный ауылында 10 мыңнан астам халық тұрады. Ауылымызда ұзына бойы қатар орналасқан Ленин, Целинная, Советская көшелерінің атауы келмеске кеткен ескінің сарқыншағындай болып әлі өзгермей тұр. Ленин және Целинная көшелерінде, негізінен, жеке тұрғын үйлер мен шағын сауда нысандары орналасқан. Ал Советская көшесіндегі дарынды балаларға арналған «Үміт» лингвистикалық гимназиясына, қазақ мектебіне ауылдың үлкен-кішісі күнделікті қатынайды. Оған қоса осы Советская көшесі арқылы республикалық маңызы бар Самара - Шымкент тасжолы өтеді» деп жазады автор.null

Сосын автор Бөрлі ауданындағы әкімдік ғимараты орналасқан көшенің атауы да Советская екенін айтады. Мақаланың ойы да сол сірескен «Советскаядан» арылып, егемен елдің рухын білдіретін жаңа атаумен өзгерту.

Қасқырдың қасиеті - «АRAI» газеті

Жамбыл облыстық «Арай» жастар газеті жаратылыстағы жануарлар киесі туралы жазыпты. Онда ауыз әдебиетінен де мысал келтірілген. Дегенмен «өмірде болған» деген оқиғалар да сол аңыздардан кем түспейді. Газеттің жазуынша, сондай таңғажайып тылсым жайттың бірін Шу ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Жайсан ақсақал бастан кешіріпті.

Әңгіме желісіне қарағанда, ақсақал күнде малын төскейге жайып жүріп, бір күні үлкен жыңғылдың маңынан апанда жатқан қасқыр бөлтіріктерін байқайды. Содан бастап, ол жерден алыстап, апан маңына мал жаймайтын болған. Аналық қасқыр да қарияның малына тиіспепті. Алайда ақсақал науқастанып қалғанда балалары жаңа төлдеген қозыларды дәл апанның аузына апарған екен. Екі қозыны көкжалдың аузынан арашалап қала алмаған олар бұл жайтты ауылға айтып, бөлтіріктерді өлтіруге бекінеді. Алайда бұны естіген Жайсан қария қасқырларды жөніне қоюды бұйырып, ауылдастарына тоқтам айтады. Қасқырдың киесі болатынын ескертіп, егер әлгі бөрілер ауылдың басқа малдарына тиетін болса, құнын өзі төлеп беруге серт береді. Осылайша қария қасқырларды төніп тұрған қауіптен аман алып қалады.null

«Шыны керек, осыдан соң менің екі қозымнан басқа малдарға қасқырлар тиген жоқ. Содан бір жеті өткенде таңғажайып оқиға орын алды. Таңертең малды жайылымға шығарайын деп қораға барсам, шарбақтың маңында екі қозы жатыр. Қозылардың жүнін ашып, мұқият қарасам, желкесінде тістердің орны байқалады. Терең емес, бірақ бір жануар тістеп алып жүргені анық байқалады. Содан бірден әлгі бөлтіріктер бір апта бұрын тартып кеткен қозыларым еске түсті. Іштей «бұл аналық қасқырдың кешірім сұрап, екі қозымның орнына әкеліп тастаған құны ғой» деп түсініп, таңғалдым» депті ақсақал.

Сәукеле арудың ары еді... - «Жетісу» газеті

Облыстық газет тәуелсіздік жылдарында елдің экономикалық әлеуеті барынша артқанын айта келе «рухани болмысымыз ше? Ұлттық тәрбие мен мәдениетімізді сақтай алдық па?» деген сауалды ортаға тастайды.

Автордың пайымынша, қазіргі күні қазақ рухани жағынан жұтаңданып бара жатқандай.

«Ыбырайлар мен Ахметтер үміт артқан кейбір жастардың жайы жаға ұстатады. Оларды Мағжанның «сенімін» ақтай алып жүр деу де қиын. Соңғы жылдары әлем назарын өзіне аударған белгісіз тілде ән салатын МС Сайлаубек, құлағын тесіп, шашын бояған жігіттерден құралған «Ninety one» тобы, қазақ қызының жалаңаштануын көрсетіп, айды аспанға шығарған Айжан Байзақова сынды әйгілі жандардың саны артып келеді. Оларды әйгілі қылған тағы өзіміз. «Атың шықпаса, жер өртенің» кебін киіп, қара «пиардың» шекпенін жамылғандарға тосқауыл қойып жатқан ешкім жоқ».

Бұл ретте автор соңғы кездері осындай жолмен «атын шығарушылар» саны күрт артып бара жатқанына алаңдайды. Мысал ретінде Шырын Наршаева есімді «жұлдыз» шыққанын, оның ерсі әрекетінен соң Instagram парақшасындағы жазылушылар саны күрт артып, 200 мыңға таяп қалғанын алға тартады.null

«Сәукеле - қыздың ары, иманы мен жиғаны. Сайып келгенде, ұлтымыздың айнасы. Ұзатылған қыздың бағы басындағы сәукелемен бағаланған. Мыңдаған жылқының құнын иеленген киелі баскиімнің қадір-қасиеті осынша төмендегеніне сенгің келмейді. Он сегізге жаңа толған қаракөз қарындасымыз осындай көзқарас танытса, басқалардан не қайыр? Өскелең ұрпаққа Әлия мен Мәншүк, Ләззат пен Сабиралардан гөрі солардың аты етене таныс. Қайсар Қайраттың батырлығына емес, кәрісше киінгендердің болмысына қызығатындар артып барады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, алайда түзелмей жатқан бесікті көріп, кеуденің сол жақ тұсы жиі шаншиды»...

Бата - босағада, тост - төрде - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі батаға байланысты мақалада былай жазылады: «Таяуда ауданда беделді қызмет атқаратын ағамыздың үйінде Құран оқытылып, ас берілді. Дәмнен кейін төрде отырған жасы сексеннің төңірегіндегі қариядан бата сұралды. Ақсақал қос алақанын жайып, кедір-бұдыр, жалаң-жадағай «батаны» бастап кетті. Кәдімгі тойларда шараппен айтылатын тост тәріздес... «Сіздің (ас берген кісіге қарап) жоғары деңгейде атқарып жүрген қоғамдық жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Әрдайым биіктен көріне беруіңізге тілектеспін. Осындай дастарқан басында бас қосайық!». Мынадай «батаға» лажсыз «әумин» деп бет сипай салдық».

Автор бұндай көрініс жиі қайталанатынын алға тартады. Жазуынша, соңғы кездері қариялар бата мен тостты шатастырып бара жатыр. Бұл ретте автор ақсақалдық жасқа жеткен қариялардың бата мен тосттың айырмашылығын айыра алмайтынына қынжылыс білдіреді. Осыған орай, бата мен тосттың ерекшеліктерін тәпсірлеп шығады. Мысалдар келтіреді.null

«Бата Құранмен астасады. Халқымыз мұны жақсы білген. Жақсы білгеннен кейін де батаны аузы дуалы адамға бергізген. Ал, кімнің аузы дуалы болады? Әрине, дініне берік, руханиятына мекем адамның аузы дуалы болады. Ендеше, бата секілді өте құнды дүниемізді санамызға сырттан сығалай сіңген «тост» дейтұғын жоралғыға жықпағанымыз жөн. «Тост» - христиандық әдеп нормаларына негізделген аристократтардың үрдісі». Олай болса, дастарқанның сәні мен мәнін бағалы батамен келтірейік.

Қалдыбай бақсының құпиясы - «Замана» газеті

Қызықты оқиғалар туралы көбірек жазатын «Замана» газеті оқырманның басынан өткен оқиғасына тағы орын беріпті. Солардың бірі Қалдыбай деген бақсы туралы мақала.

Жазуынша, Қалдыбай бақсы Түркістан қаласына жақын Қосқорған ауылында 1890 жылы туған. 12 жасынан қобыз тартып, науқастарды емдей бастайды. Тоқсан жасқа жақындап қайтыс болан бақсының 2 ұлы мен 1 қызынан 20-дан аса немере мен 40-қа жуық шөберелері бар екен. Мақалада бақсының ерекше қасиеті туралы айтылады. Соғыс жылдарында бақсының Фазілах атты баласы үш рет әскерге шақырылып, бақсы оны үш ретінде де қайтарып алған екен.null

«Жасы 90-ға жақындап барып бұл дүниеден озды. Ұлы Фазілах та немере, шөбере көріп, жасы 90-ға жете, 2010-жылы қайтыс болды. Ал бұл кісілердің басынан өткен, болған жағдайды, құбылысты осы күнге дейін ешкім білмейді, естіген жоқ. Бұл тылсымды әкесі де, баласы да ешкімге тіс жармаған күйінде кетті»...

Жылқының киесі - «Сыр бойы» газеті

Жылқы туралы қазақ баспасөзінде қаншама мақала жазылды екен?! Дегенмен, жылқыға қатысты ерекше оқиғалар қашанда оқырманның қызығуын тудыратыны анық. «Сыр бойы» газетіндегі мақалада да әйгілі актер Асанәлі Әшімовтың естелігіне назар аудартады. Онда былай делінген екен: «Ш.Уәлиханов туралы кино түсірілімінде Шоқанның рөлін сомдаған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы шаршағаннан ба, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті. Ашу қысқан мен атты қатты жекіп, басынан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: «Аға, тоқтат!» деп қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. Сол сәттегі жануардың жасқа толы жанары әлі есімнен кетпейді» деген еді Асекең.

Мақалада жылқы жануарының мінезділігі туралы сөз болады. Сонымен қатар, жылқының киесі туралы әңгіме айтылып, мысалдар келтіріледі.null

Шекеліктің не екенін білесіз бе? - «Орталық Қазақстан» газеті

Қазақтың зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алатыны белгілі. Десе де, сәндік бұйымдардың ішінде біреу білсе де, біреу білмейтін, салтанатты жағдайларда ұшы бас киімнің бауына немесе самай шашқа бекітілетін «шекелік» деген әшекей бұйым бар. Газетте осы сәндік бұйым оқырмандара таныстырылады.null

«Шекелік бірнеше бөліктерден тұрып, оған тағылатын әшекейлер үзбелі болып келеді. Салмағы мен ұзындығы әртүрлі. Кейде иықтан төмен түсіп тұратын болған. Көбіне, геометриялық пішіні біркелкі, бір-бірімен тіркескен жалпақша бөлшектерден жасалады. Шекелік үшбұрышты, жүрекше, ромб, гүл жапырақшасы тәрізді және басқа пластиналардан құралып, шынжырмен немесе ілгектіжүзік тәрізді әдіспен байланысады»...

Михаил Булгаковтың өгей әкесі Таразда тұрған... - «Ақ жол» газеті

Орыстың белгілі қаламгері Михаил Булгаковтың өгей әкесі - дәрігер Иван Павлович Воскресенский тағдыр тауқыметімен Қазақстанға жер аударылып, қазіргі Тараз қаласында біраз жылдар еңбек етіп, осында қайтыс болғанын көпшілік белмейтіні рас. Газетте Украинадан жер аударылған дәрігер И.П.Воскресенскийдің Әулиеата өңіріндегі тағдыры мәліметтерді оқырманға ұсынылады.

«Бір жолы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының (қазір университет) профессоры, филолог Апутан Шуканов телефон шалып, біздің «Жамбыл облысының медицинасы» атты кітапта дәрігер Иван Павлович Воскресенскийдің есімі бірнеше жерде келтірілгені жайлы айта келе, ол әйгілі орыс жазушысы Михаил Булаговтың өгей әкесі екенінен хабардар етті. Міне, біз күтпеген қызық дерек! Сөйтіп Апутан ағамыз дәрігер И.Воскресенский жайлы тереңірек іздену керектігі жайлы ой қозғады» деп жазады автор.

Жазуынша, Тараз өңіріне талай әйгілі адамдар, олардың туыстарының табаны тиіпті. Мысалы, қалада әлемге әйгілі ғалым-академик, гельминтология ғылымының негізін қалаған мал дәрігері, паразитолог, Социалистік Еңбек Ері К.Скрябин алғаш еңбек жолын бастап, зерттеу ісі мен ғылым жолына түскен. Белгілі әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері Михаил Фрунзенің әкесі Василий Меркіде медицина фельдшері болып еңбек етіп, елдің денсаулығын сақтауға атсалысып, сол жерде дүние салғаны, сол жердегі бейітте жерленгені белгілі. Көрнекті орыс жазушысы Галина Серебрякова және күміс көмей польяк әншісі Анна Герман 1943-1946 жылдары Таразда тұрған. Немістің белгілі суретшісі Брюммель де осында біраз жыл мекендеген екен.null

Ал Михаил Булгаковтың өгей әкесі атанан дәрігер Иван Воскресенскийдің тадыры тіпті қызық. Автордың келтірген мәліметіне қарағанда, Киевте тұратын Булгаковтар отбасының достары көп болыпты. Солардың бірі - дәрігер Иван Павлович Воскресенский екен. Ол 1906 жылдан бастап булгаковтар отбасының үлкені Афанасий Ивановичтің емдеуші дәрігері бола жүріп, көп балалы Булгаковтар отбасының жақынына айналып, бірер жылдан соң мүлде сіңіп кетті. Тіпті Михаил Булгаковты 1917 жылы есірткі-нашақорлықтан емдеп, қатарға қосқан да И.П.Воскресенский екен.

Кейін Афанасий қайтыс болып, жеті баласы бар Варвара Михаиловна біраз қиындықтарға ұшырап, 1918 жылы отыз жастағы Иван Павлович Воскресенскийге тұрмысқа шығады. Осылайша ол болашақ жазушының әкесі атанады.

Мақалада дәрігер мен жазушы туралы бірқатар қызықты деректер келтірілдеді. Әйтсе де дәрігердің Қазақстанға, Таразқа қалай келгені, оның себебі туралы мәлімет келтірілмеген. Тек оның кеңестік саясат құрбаны болғаны топшаланады.

Автор әйгілі дәрігер туралы оның көзін көрген, араласқан адамдардан әңгімесін келтіріп, И.Воскресенский жерленген жерін анықтағанын да сүйіншілейді.

«2018 жылдың 28 қарашасы күні «Доктор Воскресенскийдің бейіті табылды» деген жағымды хабар жетті. Тілшілермен байланысып, 30 қараша күні қалалық зиратқа барып, оның қызметкерлерінің көмегімен И.Воскресенскийдің бейітінің басында болып, белгілі дәрігердің мәңгілік тыныштық тапқан мекені жанында оның рухына бас иіп, естеліктер айтып, басына қойылған белгі - ескерткіш тасты суретке түсірдік. Иван Павлович Воскресенский 1877 жылы Киевте дүниеге келіп, 1967 жылы 90 жасында Таразда дүние салыпты. Жанына Әулиеата өңірінде өткізген жылдарда өмірлік серік болған жары Софья Николаевна 1979 жылы жерленіпті» деп жазады автор.

Исатай батырдың бәйбішесі кім еді?- «Нарын таңы» газеті

Исатай Тайманұлының жары туралы деректі «Нарын таңы» газеті жазыпты. Келтірілген дерекке қарағанда, Исатай шамамен 1810 жылы 19 жасында отау құрған. Оның алғашқы әйелінің аты Мылқым екен. «Белгілі исатайтанушы, профессор Амангелді Шамғоновтың айтуынша, Мылқымның руы Ысықтың Қараораз атасынан екен. Әкесі Қосаяқ 90 жас ғұмыр кешіп қайтыс болулы. Қосаяқұлы Қалдыбай және оның балалары 1836 жылдың көктемінде Исатай бастаған көтерілісшілерге келіп қосылып, асқан ерлікпен шайқасқан екен. Ендеше, осындай өжет әрі батыл, жеме-жемге келгенде жұрт сыйлаған жезделерінің қасынан табыла білген ұйымшылдығымен де танылған бауырлары бар Мылқымдай жан әсте осал болмаған деуге келеді»...

null

Соңғы жаңалықтар