Бастықтардың кабинеттерін кішірейту акциясы қай мекемелерде жалғасады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Жаңа формат» акциясын мектептерді тексеруден бастады.

Акцияның негізгі мақсаты - бастықтардың кабинеттерін оңтайландырып, бюджет шығындарын барынша қысқарту, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қалалық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, мектептерден кейін медицина мекемелері тексеріледі.

«Біз бұл акцияны жайдан-жай бастаған жоқпыз. Бүгінде мемлекеттік мекеме басшылары үшінші-төртінші қабатта керемет үлкен кабинеттерде отырады. Мысалы, Астанада оқушылар көп. Ал директордың кабинетін босатудың арқасында қосымша сыныптарды ашуға мүмкіндік бар. Қосымша білім беру, робототеxника, шығармашылық шыңдау сияқты сыныптарды ашуға болады. Ол үшін қосымша ғимарат та салудың қажеті жоқ. Директор кабинетін босатып берсе болды. Онымен жалақысы азаймайды, қызметі де төмендемейді. Ендігі кезекте біз емxана басшыларының кабинеттерін тексереміз. Былтыр біз біраз жұмыс жасадық. Осы жолы бірінші басшыларды да төмен түсіріп, xалыққа жақын отырғызатын боламыз», - деді Ж.Жылқышиева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, акция аясында мектеп директорларының кабинеттері тым үлкен екені анықталды. Мысалы, 90 шаршы метрді құрайтын қабылдау, тынығу және қонақтармен кездесу бөлмелері бар. Оған қоса, есеп-қисап пен кадр бөлімдерінің кең кабинеттері кездесті.

«Негізі, заң бойынша мектеп басшылығының кабинеті 32 шаршы метр болуы керек. Ал қабылдау бөлімі 12 шаршы метрде орналасуы шарт. Астана мектептерінде аталған нормалар сақталмайды. Мәселен, №54 мектеп-лицейде директор 90 шаршы метрді қамтитын жұмыс, демалыс және қабылдау бөлімдерін босатып берді. Қазір ол жерде мұғалімдерге арналған жұмыс бөлмесі орналасты. Директордың жаңа кабинеті 13 шаршы метр болды. Сол сияқты №17 мектеп-директорының кабинеті 40 шаршы метр болса, қазір ол бірінші қабатқа ауыстырылды. Бұрынғы кабинетте оқушылар робототеxника және шығармашылық шыңдау бойынша білім алуда», - дейді Ж.Жылқышиева.

Оның сөзіне қарағанда, №80 мектеп-гимназиясының директоры да жаңа акцияны қолдады. Ол 53 шаршы метрді босатып берді. Қазір ол жерде қосымша сабақтар өтіп жатыр. №71 мектеп-лицейі де солай. Директоры 50 шаршы метрді босатып, бірінші қабатқа көшті.

«Бүгінде аталған мектептердің басшылығы астында отырып, бәрін көріп отырады. Оқушылардың кіргенін-шыққанын және басқа да жағдайларды бақылауға мүмкіндік бар. Ата-аналар шу шығарса, оны да көре алады. Халыққа жақын болу деген осы. «Осыны өздеріңіз ойламадыңыз ба?» деп сұрасақ, жоқ дейді», - деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева.

Соңғы жаңалықтар