Бастықтардың кабинеттерін кішірейту акциясы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында жаңа акция басталды.

«Жаңа формат» атты бастаманың негізгі мақсаты - мемлекетік орган басшыларының кабинеттерін барынша кішірейту. Соның арқасында бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады. Ал бастықтардың өздері халыққа жақын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі жоба кеңсесіне сілтеме жасап.

«2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Мемлекет басшысы тиімсіз бюджет шығындарын қысқартуды тапсырды. Бұдан бөлек, мемлекет пен қоғамды бір-біріне барынша жақындату қажет. Бүгінде көптеген басшылардың кабинеттері тым үлкен. Ондайда бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалады. Себебі кейбір кабинеттердің ауданы бір бөлмелі пәтермен бірдей. Ал кабинеттердің ауданын қысқартудың нәтижесінде бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады», - делінген ресми хабарламада.

Оған сәйкес, акцияның алғашқы кезеңінде мектеп директорларының кабинеттерін оңтайландыру шаралары жүргізіледі. Қазірдің өзінде бірнеше мектеп аталған бастаманы қолдады. Ал басшылықтың кабинеттерінде қосымша білім беру сыныптары ашылып отыр. Директорлардың өздері болса, бірінші қабаттағы шағын кабинеттерге көшті. Акцияны бірінші болып қолдаған мектептердің ішінде №71 мектеп-лицейі, №17 және №80 мектеп-гизназиялары бар.

«Мектеп директорлары бірінші қабатта отырса, халыққа жақын болады. Бюджет қаражаты да үнемделеді. Бұл акция басқа да мемлекеттік органдарда жалғасады», - дейді «Астана - адалдық алаңы» кеңсесінің мамандары.

Соңғы жаңалықтар