Бастауыш сыныптарға берілетін тегін тамақтың сапасы төмендеп кеткен – палата

2022 жылғы 2 желтоқсан, 14:53
Бастауыш сыныптарға берілетін тегін тамақтың сапасы төмендеп кеткен – палата

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда мектептеріндегі бастауыш сыныптарға мемлекет есебінен тегін берілетін тамақтың мәзір құны 30 пайыз өседі. Осылайша 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бастауыш сыныптағы бір оқушының күн сайын тамақтануына қазіргі 449,5 теңгенің орнына 581 теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Астана кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мәлім болды.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің сөзіне қарағанда, кейінгі 3-4 жылдың ішінде бір балаға 449 теңге қарастырылған.

«Қарасаңыз тамақ бағасы жылына бірнеше рет қымбаттап жатыр. Бізде мектептерге тамақтандыру қызметін ұсынатын кәсіпорындардың қауымдастықтары бар. Олардың айтуынша, бүгінгі таңда бір балаға шаққандағы тамақтандыру қаражаты кемінде 1000 теңге болу керек. Бұл мәселені біз көтерген кезде 1 қарашадан бастап 600 теңгеге, одан кейін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1000 теңгеге көтеру керек еді. Бізге сондай уәде берілген. Бірақ қазір 449 теңге сол қалпы қалып отыр. Бұл кәсіпкерлер құқығына ғана қатысты мәселе емес. Тамақтандыру тиісті деңгейде болмаса, балалардың физиологиялық дамуына зиян келуі мүмкін. Мектеп асханасындағы ас мәзірін қайта қарау керек. Қазір мәзірлердің сапасы төмендеп кеткен. Мемлекеттің бір балаға деп бөлетін ақшасы жетпегендіктен кәсіпкерлер үнемдеуге көшеді. Олар өздерін шығынға батырып жұмыс істемейді ғой. Олар бұл іске пайда табу үшін барып отыр», - деді палата өкілі.

Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова жаңа жылдан бастап бастауыш сыныптарды тамақтандыруға бюджеттен бөлінетін қаржы көбейетінін жеткізді.

Бірақ оның бір балаға шаққандағы құны кәсіпкерлер талап етіп отырған межеден әлдеқайда төмен болмақ.

«Мектепте тамақтандыру қызметін көрсететіндермен тамыз айынан бері бірнеше рет кездестік. Оның ішінде тамақ сапасы туралы да, бағасы туралы да мәселе қаралған. №598 бұйрыққа өзгерістер енгізілген. Ол өзгерістерді бірнеше мәрте қарадық. Негізінен 107, 108 пунктерге қатысты сұрақтар туындаған. Иә, біз бір балаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту керектігін айтқанбыз. Бірақ бюджет ақыны көтеруді қолдай алмады. Енді тамақтандыру құнын 2023 жылдың қаңтарынан бастап 30 пайыз көтеру жоспарланып отыр. Қазір бір баланы тамақтандыруға күн сайын 449 теңге 50 тиын бөлінсе, қаңтардан бастап 584 теңге болады. Бұл - орташа баға. Өңірлердегі бағаны қарадық. Ең үлкен баға 600 теңгенің айналасында болып шықты», - деді басқарма бастығы Римма Иманғазинова.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar