«Бастау» кинофестиваліне студенттердің 320 туындысы ұсынылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан халықаралық «Бастау» студенттік кинофестиваліне 320 жұмыс келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен 7 жыл қатарынан өткізіліп отырған фестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен жас кинематографистер еңбектерін жолдаған.

Белгілі режиссер Әділхан Ержанов, кинотанушы Инна Смаилова, режиссер Азат Хакимов, кинотанушы Баубек Нөгербек сынды киносыншылардан тұратын іріктеу комиссиясы Ресей, Грузия, Украина, Израиль, Түркия, Германия, Испания, Швейцария, Корея, Беларусь, Орталық Азия мен Қазақстаннан келген 47 жұмысты конкурстық бағдарламаға өткізді.

Енді бұл кинолардың үздігін кинорежиссер, педагог Ираклий Квирикадзе бастаған халықаралық қазылар алқасы анықтайтын болады.

Қазылар алқасы құрамында монтаждаукшы режиссері Сильван Кутандин («Сталинге сыйлық», «Даланың үні»), ресей әртісі Эльвира Болгова («Менің армяндық үйлену тойым», «Бөтеннің қызы»), қырғыз режиссері Темірбек Бірназаров пен отандық режиссер Сәбит Құрманбеков бар.

Сонымен қатар, үздік фильмдерді студенттерден құралған қазылар алқасы да іріктейтін болады.

 «Әлемде фестиваль көп. Бірақ, «Бастау» шынымен де жақсы бастау алуға мүмкіндік беретін конкурс. Оскар, Канн фестивальіне барар алғашқы саты ретінде осындай байқау керек. Ең алдымен студенттердің жұмыстарында біліктілік талап етіледі, мәселені басқа қырынан ашуы керек. Жас кинематографистерге осындай жол ашуға мүмкіндік бар», - деді студенттерден құралған қазылар алқасының төрағасы, испандық режиссер Яго Матео Веласко.

Сонымен қатар, конкурс аясында қазылар алқасының мүшелері мен қонақтары арнайы шеберлік сабақтарын өткізетін болады.

«Студенттер алғашқы сәттен-ақ бәсекені сезінуі тиіс. Басқа елдегі замандастар не ойлайды? Қалай түсіріп жатыр? Соны білу маңызды. Жастардың киноәлемінде топ жаруы қиын болғанына қарамастан, кино дамып келеді. Ол - ұжымдық жұмыстың өнімі. Кино тілі әмбебап», - деді фестивальдің президенті Сергей Әзімов.

Соңғы жаңалықтар