«Бастау» бағдарламасы: Ақтөбе облысының аудандарында шағын цехтар бетперде тіге бастады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өңірдегі бетперде тапшылығын жою бағытындағы жұмыстарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 147 мыңнан астам адам шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Ірі өндіріс орындарында 80 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр. Қазір кинотеатр, демалыс орындары жабылды.

«Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында әлеуметтік желі арқылы арнайы чаттар ашылып, олардың мәселелері онлайн талқыланып жатыр. Кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді. Салықтың уақытша тоқтатылуын көбі оң қабылдады. Тек шикізатты шетелден тасымалдайтын компанияларда қиындықтар бар. Үкімет штабына хабар беріліп, тауарды жеткізу мәселесі шешіліп жатыр. Туризмге қатысты да сұрақтар болды. Жеке балабақша, қосымша сабақ беру де қиындады. Көбі жалға ғимарат алып отыр. Осы кезде ғимаратты жалға беріп отырғандармен келісімге келіп, жеңілдік қарастыру сұралды. Бәрі де бір-біріне көмек беруде. Қазір ең бастысы – қауіпсіздік, амандық», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Өңірде шағын және орта бизнеске ескерту берілді. Бетперде кию міндеттеліп, зарарсыздандыру жұмыстары бақылауға алынды. Егер еңбек демалысының уақыты келсе, осы кезде жұмысшыларды уақытша босатуға болады. Қызмет көрсету орындары да онлайн тәртіпке көшті.

«Әлеуметтік желіні бақылап отырмыз. Бетперде мәселесі жиі қозғалып жатыр. «Бастау» бағдарламасы арқылы аудандарда 20 тігін цехы ашылып, онда бетперде тігіліп жатыр. Дәкеден тігіледі. Өте ыңғайлы, жуып, үтіктеп, қолдануға болады. Ал медициналық бетперде тігетін арнайы цех жұмысын күшейтті. Дәкеден жасалған бетперде жақсы. Сондықтан Түркістан облысына 1 млн шаршы метр дәкеге тапсырыс берілді. Сұранысты толық қамту жоспарда бар. Мақта матадан да бетперде тіккен пайдалы. Біз үшін қазір қауіпсіздік басты орында тұр», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Оның айтуынша, барлық базардағы дәке қоры анықталды. Дәкенің бәрі сатып алынып, тігін цехтарына жіберіліп жатыр. Көбі қызмет көрсету саласына тегін таратылады.

Айта кетейік, өңірде құрылған арнайы комиссия құрамында денсаулық сақтау, еңбек инспекциясының қызметкерлері де бар.

«Кәсіпкерлер несиені тоқтату, субсидия туралы жеңілдіктер жайын біледі. Талап бойынша алдымен банктерге өтініш берілуі тиіс. Кейін қосымша шешім қабылдау үшін қорға ақпарат түседі. Әзірге кәсіпкерлерден арыз түспеді», - деді «Даму» Қорының облыстық филиал директоры Берік Нұрғалиев.


Соңғы жаңалықтар