Бастапқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі күшейеді - Айбатыр Жұмағұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары, яғни, емханалар халық денсаулығының іргетасы. Сондықтан мемлекет осындай көмек көрсететін денсаулық сақтау нысандарын дамытуға ерекше ден қойып отыр.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді.

Қор баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір 2020 жылы енгізілетін медициналық сақтандыру жүйесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Реформаға дайындық кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеттеріне енетін қызметтер тізімі қайта қаралып, толықтырылды.

Бұл пакеттің жаңа үлгісінде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі күшейтілді. Осыған байланысты, Қор басшысы бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының жұмысы нәтижелі болуы үшін жалпы практика дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтудың маңыздылығын атап өтті.

«2019 жылдың басында еліміз бойынша 1 дәрігердің жүктемесі 1789 адамға дейін қысқарған. Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай аталған жүктеме 1500-ге дейін азаюы тиіс. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға бағытталған бастамалардың бірі - ауылдарда әр 1500 адамға дәрігерлік амбулатория салу. Жоспарланған жұмыстар амбулатория санын 2,2 есеге арттыруға мүмкіндік бермек», - дейді Айбатыр Жұмағұлов.

Сонымен қатар, Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеумен қатар, оның сапасын да бақылайды.

Айта кетерлігі, 2018 жылы Қор халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарынан 6,3 млрд теңге қайтарып алған.

Қор басшысының айтуынша, қазіргі таңда мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі.

«Көрсетілген медициналық көмектің сапасына бақылау күшейтілді. Сонымен қатар, түрлі кемшіліктер мен олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарына салынатын айыппұл көлемі де өсті. Мәселен, белгілі бір қызметтің көрсетілгені расталмаса 300%, тұрғынды заңсыз (азаматтың қалауынсыз) тіркеген жағдайда 100% айыппұл салынады. Мұның бәрі заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қолға алынып отыр», - деді Айбатыр Жұмағұлов.

Бұдан бөлек, Қор басшысы Медициналық сақтандыру қорының қызметіндегі цифрландыру жұмыстарына тоқталып өтті.

Оның айтуына қарағанда, бұл бағыттағы шаралар Қордың ғана емес, медицина ұйымдардың да жұмысын жеңілдетіп, құжат рәсімдеуге кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар