Бассыздық танытушылардың көшбасшысы немесе нақты бір талап-тілегі болмады - саясаттанушы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов елде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Деректі фильмде шынайылық көрсетілген. Расында да, бұлай боларын ешкім күткен жоқ. Видеодан қарасаңыз қарапайым адамдар не істерін білмей, сасқалақтап жүр. Көп адамдар қалай әрекет ету керектігін білмей қалды. Сондықтан да қаңтар оқиғасы еліміз үшін өмірлік сабақ деп ойлаймын. Бір жағынан билікке де сабақ болды. Себебі басы бейбіт минитингтен басталды ғой. Демек халық үніне уақтылы құлақ асу керек деген сөз. Әрине, қаңтар оқиғасын бейбіт митинг деуге болмайды. Бейбіт шеру ол заң аясында, ешқандай текетірессіз өтуі керек», - деді Қазыбек Майгелдинов.

Саясаттанушының сөзінше, елде болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде арандатушылық басым болды.

«Олардың ішінде бұзақы да бар, лаңкес те бар, арандатушы да болды. Яғни ел ішіне іріткі салушы топ. Ендігі уақытта бұл оқиға қайталанбауы тиіс және ондай жағдайға дейін жеткізбеуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің басты құралымыз ол – бірлік. Елде бірлік бар жерде, мемлекет тұтас болады. Және деректі фильмде байқасаңыз, бассыздық танытушылардың көшбасшысы немесе нақты бір талап-тілектері болмады. Бас жоқ, көз жоқ қиратып жатыр. Бір сөзбен айтқанда мемлекетке шабуыл жасалды. Сондықтан бүгін «Хабар» агенттігі ұсынып отырған деректі фильмді қалың жұрттың көргені жөн. Халық оқиғаның неден басталғанын және қалай болғанын білуі керек», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін «Хабар» агенттігінде елде болған жаппай тәртіпсіздіктерге арналған деректі фильм қалың көрермен назарына ұсынылады.

Сондай-ақ, аталған фильм барысында әскери қызметкер Қуандық Құсайынов өз басынан өткен оқиғамен бөліскен еді.


Соңғы жаңалықтар