Басшылығы туралы толық мәлімет бермеген өндіруші компаниялар лицензиясынан айырылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстандағы өндіруші салалардың ашықтық бағдарламасына (ӨСАБ) жаңа талаптар енгізу бойынша мүдделі тараптардың кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан 2020 жылға қарай өз басшылары туралы мәліметтерді ашық ұстайтын елдер қатарына қосылуды жоспарлап отыр. Өндіруші компаниялардың басшылары туралы ақпаратты жариялау мен есептерді өзге ашық ақпараттармен сәйкестендіру - ӨСАБ талаптарының бірі.

«Өндіруші компаниялардың түпкі басшыларын анықтау талабы халықаралық басқару бекіткен жаңа стандарттарда көрсетілген. Яғни, Қазақстан бұл әлемдік бастамаға қосылды және жаңа талаптарға сәйкес ұлттық заңнама жасауға міндеттелді», - деді Жергілікті өзін-өзі басқару институтының директоры Сергей Худяков «Гранд парк Есіл» қонақ үйінде өткен жиналыста.

Оның айтуынша, Қазақстанда республикалық бюджеттің 50 проценті экономиканың өндіруші секторынан құралады.

«Сондықтан, өндіруші салалардың табысы мемлекет пайдасына жұмсалып, әлеуметтік мәселелердің шешілгенін қалаймыз. Ондағы сыбайлас жемқорлық қаупін азайту үшін барлық процестер ашық болуы тиіс. Алғашқы кезеңде ақпарат мемлекеттік басқарудың бірегей порталына жиналады. Бұл ақпарат мемлекеттік қызметшілер үшін қолжетімді болады. Ұлттық кеңесте бұл мәселе талқыланған соң өндіруші компаниялардың басшылары туралы ақпарат қалың жұртшылыққа қолжетімді болмақ», - деп түсіндірді ол.

Әзірге қазақстандық өндіруші компаниялардың 65 проценті өз басшылығы туралы мәліметтерді жариялаған.

«Әрине, компаниялардың қуанып отырғаны шамалы. Бір жағынан бүкіл өркениетті әлем осы бағытқа бет бұрып келеді. Компания акцияларының биржадағы құны салымшылардың компания қызметіне сеніміне тікелей байланысты болады. Олардың жұмыс ашықтығы компания құнын арттырады», - дейді С. Худяков.

Сонымен бірге, сарапшылар ережені сақтамаған компанияларға айыппұлды көбейтіп, өндіру лицензиясынан айыру шараларын енгізуді ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар