Басшыларды тағайындаудың жаңа талаптары қандай болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған соңғы Жолдауында «Жаңа формацияның басшысы» атты бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Оған сәйкес, арнайы курстан өтпеген мемлекеттік қызметшілер басшылық лауазымға тағайындалмайтын болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жаңа бағдарламаны әзірлеуге кірісті. Академияның Кәсіби даму институты директорының орынбасары Жанат Момынқұловтың айтуынша, бүгінде жаңа формацияға сай басшының негізгі қасиеттері мен дағдылары анық. Ол - жеке көшбасшылық және ізгі қасиеттері бар, өз қызметіне адал, стратегиялық, цифрлық ойлау қабілетіне ие, қоғамның қажеттілігін білетін, өзгерістерге дайын, сондай-ақ сапалы нәтижеге бағдарланған, әрдайым жетілуге ұмтылатын адам.

«Елбасының тапсырмасы аясында академия жаңа бағдарламаның тұжырымдамалық негіздері мен мазмұнын әзірлеуді бастап та кетті. Жоспар бойынша бағдарлама бірнеше айға созылады. Сол кезде басшылық лауазымға тағайындалатын мемлекеттік қызметшілердің стратегиялық басқару, көшбасшылық, жаңа құзыреттілік, жобалық менеджмент, цифрлық басқару сынды дағдыларын жетілдіру көзделген. Бағдарлама алдымыздағы жылы академияның Астанадағы орталығында тәжірибе жүзінде қолға алынады», - деді Ж.Момынқұлов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын әзірлеу міндетін Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университетіне жүктеді. Соның аясында басшылық қызметтерге тағайындау кезінде мемлекеттік қызметшілер арнайы курстан өтетін болады. 

Соңғы жаңалықтар