Баспасөзге оңтайлы жағдай жасау маңызды мәселе - Үкімет басшысы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын жыл соңына дейін Парламентке енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдық пікірді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Сондықтан мемлекет пен халық арасындағы тиімді байланыс құралы болуы үшін баспасөзге оңтайлы жағдай жасау маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және тәуелсіз болуы тиіс екенін атап көрсетті. Осыған байланысты әзірленіп жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдістерін ескеруі тиіс», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы заң жобасындағы жаңалықтарды үкіметтік емес ұйымдарды, жұртшылықты, сарапшылар мен журналистерді қатыстыра отырып, кеңінен талқылауға шығару қажеттігін баса айтты.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне заң жобасын әзірлеу жұмысын жалғастырып, құжатты осы жылдың соңына дейін Парламент қарауына енгізуді тапсырамын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар