Баспанасы тасқын суда қираған ақтөбеліктер пәтерлі болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқыны кезінде баспанасы қирап қалған бес отбасыға пәтер берілді. Сонымен қатар тағы 8 отбасы берілген жер теліміне үй салып алғанша уақытша баспанада тұра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.    

Су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласындағы 771 үй зардап шекті. Барлығы 3 мыңға жуық адам бір аптада үйсіз қалып, уақытша мектептерді паналады. Кейін бәрі пәтерлерге шығарылды. Қазір барлық адам пәтер жалдап, туған-туыстарының үйін паналап жүр. Ал бүгін бес отбасы «Нұр-Ақтөбе» ықшам ауданынан пәтер алды.

null

«Махамбетовка ауылындағы үйім ортасына түсті. Жаңа пәтер «Нұр-Ақтөбе» ауданында. Үш жыл тұрамын, кейін несиеге сатып аламын. Күйеуім жеке компанияда жұмыс істейді. Өзім жұмыссызбын. Екі балам студент, біреуі оқушы. Тағы біреуі өз отбасын құрып кетті. Құжаттарым түгел. Пәтер алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, сол жерге 300 мың сауымыз керек деді. Үйге ас үй жиһазы мен диванды алып берді», - дейді Нұргүл Бақытова.

Пәтер иелеріне кілтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыс етті. Ол су тасқыны кезінде баспанасы құлап қалған адамдардың барлығына көмек көрсетілетінін жеткізді. 

null

«Бірден үй салу мүмкін емес. Біз дайын тұрған үйден беріп жатырмыз. Кей адамдарға жер беріп, құрылыс материалдарымен көмектесеміз. Алғашқы бес пәтер баспанасы қирап қалған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға берілді. «Қолқанат Ақтөбе» қоры құрылып, тек Ақтөбеден емес, өзге өңірлерден қаржы аударды. Пәтер алғандарға есепшот ашып, 300-500 мың теңгеден ақша саламыз. Сонымен қатар, 8 отбасыға уақытша пәтер берілді. Олар жер теліміне үй салып алғанша сол пәтерде тұрады. Жер беру оңай, оған су, жарық, газын жеткізіп беру қиын. Жерлерді қарап жатырмыз. Күн жылыды, үй салуға мүмкіндік бар»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, су тасқыны кезінде зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау көрсету үшін өңірде «Қолғанат Ақтөбе» қоры құрылды. Қорға 102 миллион теңгеге жуық қаржы түсті. Қаржының 10 миллион теңгесін екінші деңгейлі банк, 52 миллион теңгесін маңғыстаулық мұнайшылар бөлді. 

null

Соңғы жаңалықтар