Баспанасы суда қалған екі ақтөбелікке кәсіпкер пәтер сыйлады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Нектар» құрылыс компаниясының директоры Шамил Каспранов екі жұмысшысына пәтер сыйлады. Су тасқыны кезінде баспанасыз қалған жұмысшылар саяжай аумағындағы үйлерін ұзақ жыл бойы салып, аяқтай алмаған екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін тағы екі ақтөбелік пәтер алып, баспана мәселесі түбегейлі шешімін тапты. «Нектар» құрылыс компаниясының директоры Шамиль Каспранов екі жұмысшысына екі бөлмелі пәтер сыйлады. Аумағы 90 шаршы метр болатын пәтерді су тасқыны кезінде үйсіз қалған қарапайым жұмысшылар алды.

null 

«Кез келген адам қолында бар көмекті беруі керек. Су тасқыны кезінде екі жұмысшы келіп, «үйімізді су басты, тек шатыры қалды» деді. Сол күні екеуіне де пәтер беріп, олар осы күнге дейін сол жерде тұрып келді»,- деді кәсіпкер Шамиль Каспранов.

Құрылыс компаниясындағы бетоншылардың бригадирі Сенбі Жиенбаев пен сантехник Жолмұрат Жаңабаев бүгін салтанатты түрде пәтер кілтін алды. Ж.Жаңабаев Ақтөбе қаласындағы «Қисық көл» саяжай аумағына екі бөлмелі шағын үй салған. Арада 10 жыл өтсе де құрылыс жұмысы бітпеген екен.

null 

«Ақтөбеге Ырғыз ауданынан көшіп келдім. Саяжайды сатып алып, сол жерге үй салып жатыр едік. Бірақ жарығы бар, газы жоқ. Көгілдір отын құбырын кіргізуге қаржы болмады. Үш балам бар. Ал кешегі су тасқыны кезінде баспанамыз суда қалып, басшыдан көмек сұрадық. Ол бірден пәтер кілтін берді. Шамиль Каспрановқа алғысымыз шексіз»,- деді Жолмұрат Жаңабаев.

Екі жұмысшыға Батыс-2 ауданындағы «Нектар» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер берілді. Сонымен қатар, кәсіпкер Шамиль Каспранов баспанасы суда қалған жұмысшыларының кейбіріне үй салу кезінде көмек көрсетеді. Айта кетейік, Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 81 үй қирап қалды. Қалалық әкімдік 66 адамға жер телімін беріп, үй салу үшін 1 миллион теңгеден бөлді. 

null

Соңғы жаңалықтар