Баспананы несиеге алғандардың 60 пайызы ай сайын 100 мың теңгеге дейін төлейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспананы қарызға алғандардың 60 пайызы ай сайын 100 мың теңгеге дейін төлейді. Бұл туралы Парламент Сенатында әлеуметтік тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған дөңгелек үстелде «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында салынған және жеке құрылыс салушылардан сатып алынған тұрғын үйді өткізу Ережелеріне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Қ. Алтынбековтің айтуынша, осы шаралар жаңа тұрғын үйлердің санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ол тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен жергілікті атқарушы органдар облигацияларына тоқталды.

«2018 жылғы тамызда Ұлттық банк «Баспананың» бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысын салу үшін әкімдіктерді қаржыландыру мүмкіндігін реттей отырып, «7-20-25» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Баспана әкімдіктердің муниципалдық облигацияларын сатып алу жолымен «револьверлік» қағидаты бойынша қаржыландыру үшін 150 млрд теңге бөлуге дайын. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімдігі «Баспанадан» 10 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыру тартты. Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігі қызығушылық білдіріп, осы тетік арқылы қаржы тарту мүмкіндігін қарастыруда», - деді Қайрат Алтынбеков.

Сонымен бірге, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасына жергілікті атқарушы органдардың («7-20-25» бағдарламасы бойынша) «Баспанадан» қаржы тарту мүмкіндігін қамтитын өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірлеуде.

Атап айтқанда, «7-20-25» бағдарламасы клиенті табыстарына қойылатын талаптарды қатысушы банк өз бетінше белгілейді.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарының талдамасына сәйкес, кредиттің орташа сомасы 11,7 млн теңгені құрайды. Орташа мерзімі - 19,9 жыл.

«Қарыз алушылардың жалпы санының 22 пайызын құрайтын ең ірі санаты ай сайын несие бойынша 60-80 мың теңге төлейді. Қарыз алушылардың 21 пайызы 80-100 мың теңгеден төлейді. Осылайша, қарыз алушылардың 60 пайызы төлейтін ай сайынғы төлем 100 мың теңгеден аспайды», - деді Қ. Алтынбеков.

Соңғы жаңалықтар