Баспана жалдауға 69,2 мың адамға субсидия беріледі – министр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл баспананы жалға алып тұруға кезекте тұрған 69 200 азаматқа субсидия беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 158 млрд 500 млн теңге көлемінде облигациялық қарыз беру есебінен 12 100 кредиттік пәтер салынады.

Бюджетте көзделгендей 20 млрд теңгеге 2 мың жеңілдетілген несие беріледі.

Сонымен қатар 43 млрд теңге мөлшерінде кезекте тұрған 69 200 адамға тұрғын үйді жалдауға субсидия беру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, 2021-2022 жылдары пайдалануға берілген 8 800 пәтерлі кредиттік тұрғын үйлерді кезекте тұрған азаматтарға сату үшін, Отбасы банкін 103 млрд 500 миллион теңге мөлшерінде жеңілдікті қарыздар беруге қосымша қаржыландыру қажет», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, өңірлерде жалға берілген пәтерлерді сатып алуға ниеттілер саны артып келеді.

«166,2 млрд теңге бөлінген жағдайда, кезекте тұрған 26 мыңға жуық адамның баспана мәселесі шешілмек. Қазір тиісті қаражат бөлу мәселесін Қаржы министрлігімен бірлесіп пысықтап жатырмыз», - дейді ол.

Фото: primeminister.kz
Соңғы жаңалықтар