Баспана жалдау субсидиясына 37 074 өтініш түсті - ҚР ИИДМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Баспана жалдау субсидиясына 37 074 өтініш түсіп, 7 916-сы мақұлданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Сенаттың үкімет сағатында осындай мәлімет келтірді.

«24 қарашадағы жағдай бойынша 37 074 өтініш қабылданып, 7 916 өтініш мақұлданды. 1 944 өтініш бойынша төлем тағайындалып, 1 877 төлем жүргізілді.

Бағдарламаның қолжетімділігін арттыру мақсатында тұрғын үй төлемдерін тағайындау 17 рәсімнен 12 рәсімге дейін қысқарды.

Сонымен қатар, өтініш берушінің табысын есептеуден зейнетақы және әлеуметтік төлемдер алып тасталады», - деді вице-министр.

Аталған бағдарламаның шарты бойынша, баспана жалдау ақысының 50%-ы бюджет есебінен жабылса, қалған 50%-ын жалға алушы өз есебінен төлейді.

Жалдау төлемінің 50%-ын жабу республикалық бюджеттен 80% және жергілікті бюджеттен 20% мөлшерінде жүргізіледі.

2022 жылы республикалық бюджеттен 40 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар