«Баспана» мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамдарын біріктіру процесі аяқталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Банкінің екі еншілес ұйымы - «Баспана» мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамдарын (бұдан әрі – «ҚОҚ» АҚ) біріктіру процесі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл екінші деңгейдегі банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қайталанатын функцияларды біріктіру үшін жүргізілді. Енді қолданыстағы және жоспарланып отырған мемлекеттік бағдарламалар бір оператор – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-тың қызметіне шоғырландырылатын болады. Бұл біріккен ұйым жұмысының тиімділігі мен транспаренттілігін арттыруға және сол үшін бөлінетін ресурстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Қайта ұйымдастыру процесінен соң «ҚОҚ» АҚ-тың рейтингін Fitch Ratings халықаралық агенттігі BBB / «тұрақты» деп бағалады.

Біріккен компания таяу болашақта екінші деңгейдегі банктерді қаржылық қолдау арқылы банк секторының қаржылық тұрақтылығына жәрдем көрсету бойынша жұмысты жалғастыратын болады.

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде айтылған «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасының міндеттерін іске асыру шеңберінде әзірленген «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындау бойынша да жұмыс жалғасын табады.



Соңғы жаңалықтар