Баспана құрылысын қандай кедергілер тежеп тұр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазір Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі құрылыстың үлесі 6 пайыздан сәл асып тұр. Сонымен бірге, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының мәліметіне қарағанда, 2010 жылы бізде бұл көрсеткіш 8 пайыз деңгейінде болды. Ал осы экономикалық көрсеткіштер бойынша Қазақстан Әзербайжан мен Армения сияқты ТМД елдерінен, сондай-ақ Балтық жағалауы елдері - Литва мен Эстониядан төмен болып отыр. Жақында бұл тақырыпты Сенаттағы Үкімет сағатында талқылау кезінде депутаттар құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал ететінін атап өтті.

Сенат депутаты Даурен Әділбеков ипотекалық бағдарламаларға елдің бәрінің қолы жете бермейтінін атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалардың болғанына қарамастан, халықтың көбі меншік баспана сатып ала алмай отыр. Өйткені жылдық пайыздық мөлшерлеме көкжиегі «Отбасы банк» АҚ-да 3,5-7%-дан басталып, коммерциялық банктерде 19%-дан асады. Ал елдегі ипотека портфелінің 35%-дан астамы осы коммерциялық банктерге тиесілі.

Сондай-ақ, ол «7-20-25» бағдарламасы ел ішінде танымал болғанына қарамастан, өзектілігі күн сайын азайып бара жатыр деген дерек келтірді.

«Сарапшылардың пайымынша, бағдарламаның шарттары өзекті болудан қалып барады. Негізгі шектеу – бағдарлама бойынша алуға болатын баспанаға қойылған баға лимиті мен бастапқы нарыққа ғана бағытталуы. Қайталама нарықтан бұл бағдарлама бойынша баспана алуға рұқсат жоқ. Соның әсерінен таңдау аясы тарылып тұр. Сөз арасында айтсақ, ипотеканың қолжетімділігі жөніндегі жаһандық рейтингте Қазақстан 111 елдің ішінде 71 орында тұр», - деді депутат.

Бұдан бөлек, сенатор Серік Шайдаров өз кезегінде Үкіметтің назарын тұрғын үй құрылысы саласындағы нақты проблемаларға аударды. бұл тұрғыда құрылыс жұмыстары сапасының төмендігі, мемлекеттік сатып алу тетіктерінің жетілмегені, құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың жоқтығы туралы айтылды. Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет мемлекеттің жер қорын есепке алып және тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың біркелкі құрылысын болжап жүргізуге орай қалалардың бас жоспарын әзірлеу тәсілдерін қайта қарауы қажет.

Атап айтқанда, әлеуметтік әл-ауқат тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты, оны шешу мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, тұрғын үй құрылысы саласы Қазақстанның экономикалық өсуіндегі драйверлердің біріне айналып келеді. Бүгінде құрылыс секторында 637 мыңнан астам адам жұмыс істейді екен. Бұл тұрғыда ел экономикасының нақты секторындағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 17,5 пайызын құрап отыр. Осы салада 50 мыңнан астам компания қызмет атқарады, бұл - экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың жалпы санының 42 пайызы.

Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының белсенді дамуы 2021 жылы 2,4 трлн теңге инвестициялар тартуға мүмкіндік берді, бұл көрсеткіш 2020 жылғы деңгейден 19,1 пайызға артық. Қалыптасқан үрдіс жалпы ішкі өнімдегі құрылыстың үлесі 6 пайыздан астам деңгейді құрап, шикізаттық емес сала үшін ең маңызды бағыттарының біріне айналды. Баспана құрылысы - халықтың тұрғын үйге ғана емес, жұмыс орындарына да қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, экономика өсімі мен іскерлік белсенділікті ынталандыратын мультипликативті әсер етеді.

Құрылыс саласының дамуына не кедергі?

Сенат депутаты Серік Шайдаров құрылыс нысандары сапасының төмендігі проблемасы бар екенін, бұл мәселені уәкілетті орган цифрландыру арқылы шешуге тырысып жатқанын айтты.

«Біздің ойымызша, «Е-Құрылыс» сияқты Ақпараттық жүйелер тек заң бұзу деректерін тіркейді, кемшіліктерді азайтуға және оларды жоюға, сондай-ақ салынған нысандардың сапасын жақсартуға ықпал етпейді», - деді депутат.

Осы орайда ол Үкімет инженерлік персоналды сертификаттау және жобалау кезеңінен бастап, құрылыс аяқталғанға дейін құрылыс компанияларын аккредиттеу арқылы құрылысты бақылау жүйесін жетілдіруі керек екенін атап өтті.

«Екіншіден, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу тетігі жетілдірілмеген. Бүгінгі таңда, бір компания елдің әртүрлі аймақтарындағы бірнеше конкурстардың жеңімпазы ретінде анықталуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыстың көп бөлігі кейіннен қосалқы мердігерлікке, кейде көп сатылы қосалқы мердігерлікке беріледі. Осындай тәжірибе мердігерлердің келісімшарт міндеттемелерін орындамауына, құрылыс сапасының төмендеуіне, сондай-ақ бір қосалқы мердігерден екіншісіне бағаның өсуіне әкеледі. Осының салдарынан нысандар консервацияланады, ішінара бұзылады. Бұл өз кезегінде осы нысандарды аяқтауға немесе қалпына келтіруге қосымша қаражат іздеуге мәжбүр етеді», - деді сенатор.

Оның пайымынша, бұл мәселені шешуде жаңа тәсілдер қажет.

«Сондықтан Үкімет адами факторды барынша жойып, Мемлекеттік сатып алу порталында материалдық-техникалық әрі еңбек ресурстарын ескере отырып, бір компанияның конкурстарына қатысуға және жеңуге автоматтандырылған лимиттерді белгілеу арқылы цифрландыруды тереңдетуі қажет деп есептейміз», - деді депутат.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев өңірлердегі құрылыс жұмыстарын жергілікті компаниялар ғана жүргізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Құрылыс және мемлекеттік сатып алу саласын реформалау аясында Индустрия министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесе тиісті ұсыныстарды даярлаған.

«Бұл тұрғыда аталған компанияларға қатысты нақты шектеу тетіктері болуы керек. Бір компания өзінің қаржылық, техникалық және басқа да құрылымдарына қарай өз міндеттемелерін орындай алады. Атап айтқанда, кей кезде бір компания өзінің мүмкіндігін ескермей, жүзеге асыра алмайтын құрылыс нысандары бойынша конкурстарды ұтып жатады. Осының салдарынан сапаға мән берілмей, құрылысы аяқталмай қалған нысандар саны көбейеді», - деді Е. Дауылбаев.

Атап айтқанда, Қаржы министрлігі өңірлердегі жергілікті компаниялар үшін қосымша ынталандыру тетіктерін іске қосуды ұсынып отыр.

«Егер компания еліміздің оңтүстік өңірінде бола тұра батыс облыстардағы тендерге қатысса, олар өздерінің техникасын батысқа сүйреп апармайтыны түсінікті. Осы орайда бұл компания жергілікті құрылыс компаниялары мен тапсырыс беруші арасында делдал ретінде қатыса салуы мүмкін. Сондықтан Қаржы министрлігі жергілікті құрылыс компанияларын ынталандыру қадамдарын ұсынып отыр. Яғни, конкурсқа жергілікті және басқа өңірдің компаниясы қатысса, онда құрылыс жүргізілетін облыстағы жергілікті компанияға басымдық берілетін болады», - деді вице-министр.

Мұнымен қоса, құрылыс саласындағы негізгі проблемалардың бірі материалдардың қымбаттауына қатысты болып тұр. Есеп комитетінің мәліметінше, құрылыс материалдары құрылыс нысандарының сметасында тұрғын үй құнының 65 пайызын құрайды. Сондықтан нарықтағы бағаның өзгеруі, жеке құрылыс индустриясының дамуы құрылыс құнына ғана емес, сондай-ақ жалпы тұрғын үй құрылысының қарқынына да тікелей әсер етеді.

«Қазақстанда жоғары дәрежелі қайта өңдеу өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жеткіліксіз. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 18 негізгі құрылыс материалы бойынша импорттың үлесі 50 пайыздан асады. Бұл ретте, 2022 жылғы қаңтар-тамызда отандық нарыққа құрылыс материалдарының импорты шамамен 3 пайызға артты, яғни 799,5 млн долларды құрағанын атап өту қажет», - деді С. Шайдаров.

Қазір Қазақстанда қаптамалы керамикалық кірпіштер (-11,5%), бетоннан жасалған материалдар (-6,7%), силикат және қож кірпіштері (-14%), құрастырмалы құрылыс конструкциялары (-3,3%), тауарлық бетон өндірістері (-13,3%) азайды.

«Кәсіпорындар жылына орта есеппен 65%-ға жүктелген кезде цемент пен әктас өндірісінде белгісіз жағдай қалыптасты. Айырмашылықты Ресейден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін импорт құрайды, бұл отандық кәсіпорындардың өз қуаттарын жүктеу мүмкіндігін шектейді. Жалпы, импорттық тізбектердің бұзылуы аясында қалыптасқан жағдай, былтыр құрылыс материалдарының барлық түрлерінің іс жүзінде 50%-ға, ал кейбір материалдар бойынша 100%-ға қымбаттауына әкелді. Бұл ретте Қазақстанда өндірістік қуаты мен жергілікті шикізаты бар екенін ескере отырып, импортты алмастыру бойынша әлеует жеткілікті. Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органның алдында құрылыс материалдарын өндіруді үдемелі дамыту міндеті тұр», - деді сенатор.

Ол үшін 157 жобаны іске асыруды көздейтін 2025 жылға дейінгі құрылыс индустриясы жобаларын егжей-тегжейлі іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жоспарланған жобаларды аяқтап, жалпы ел деңгейіндегі және өңірлердегі құрылыс материалдарына деген сұранысты толық қамтамасыз етуі маңызды.

«7-20-25» бағдарламасы жалғасады

Алдағы 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Үлескерлік тәсілмен салынуы тиіс болған барлық проблемалық үйлердің құрылысы аяқталады. Апатты жағдайда деп танылған және тозығы жеткен 40 мыңға жуық тұрғын үй иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

«Ұлттық банктің «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жалғасады. Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан шаралар халықтың қалың жігі үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған және жұмыс орындарын сақтай отырып, экономиканы, кәсіпкерлікті дамытуға оң әсерін тигізеді», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев.

Айтпақшы, жақын арада баспана кезегіне әкімдік арқылы тұру практикасы жойылатын болады. Бұл қызмет түгелдей «Отбасы банк» АҚ-ға берілмек.

Бүгінде әкімдіктерде 623 мың азамат кезекте тұр. Оның 400 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жатады. Бұл ретте, мемлекеттік қолдау шаралары аясында бір жылда небәрі 20 мың азамат тұрғын үймен қамтылады. Олардың орнына 50 мың азамат жаңадан кезекке тұрады.

Ауылда баспана құрылысын дамытатын бағдарлама қажет

«Ауылдарда тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар ескерілмеген. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне қарағанда, Қазақстанда халықтың 41 пайызы немесе 7,8 млн адам тұратын 6 293 ауыл бар. Сонымен бірге, ауылдарда елдің тұрғын үй қорының тек 35 пайызы немесе 137,5 млн шаршы метрі шоғырланған», - деді Сенатының депутаты Серік Шайдаров.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, Астана қаласы мен Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Абай облыстарын қоспағанда, 15 өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің ұлғаюы байқалып отыр. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңге болды.

«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етуге 340 млрд теңге көзделген. Азаматтарға жеке тұрғын үй салу үшін берілетін 235 мың жер учаскесіне коммуникация салу жоспарланған», - деді ол.

Биыл республика бойынша тұрғын үй құрылысындағы 375 жобаны іске асыруға 119,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілген. Оның ішінде 50 257 жер учаскесіне инженерлік-комумуникациялық инфрақұрылым салу үшін 54 млрд теңгенің 180 жобасы іске асырылып жатыр.

«Ауылдарда өмір сүруге деген қызығушылықты арттыру және халықтың қалаға көшуін азайту үшін ауылдағы тұрғын үй құрылысын ынталандыру тетігі пысықталды. Үй пайдалануға берілгеннен кейін, жұмыс берушілердің шығындарын салынған тұрғын үй алаңының 50%-ы мөлшерінде субсидиялау жоспарланған. Ол үшін үйдің жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспауы тиіс, асып кеткен жағдайда тек 50 шаршы метр субсидиялауға жатады. Тұрғын үй жұмыскерлермен 5 жылдық мерзімге еңбек шарты болған кезде беріледі. Жедел деректер бойынша өңірлерде барлығы 2 855 тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланған», - деді министрдің орынбасары.

Елімізде қалалардың аумағы өсіп келеді

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерге қатысты белгілі бір теңсіздіктер бар.

«Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі. Кейінгі 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59 пайызға, Алматы қаласының халқы 37 пайызға, Шымкент қаласының халқы 67 пайызға өсті», - деді Ә. Қуантыров.

Осы орайда ол аталған қалалардың аумақтары да едәуір өскенін еске салды. Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе өсті, Алматы қаласының аумағы кейінгі он жылда 2,5 есе өсті, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің сөзіне қарағанда, еліміздің қалаларында барлығы 11,2 млн адам тұрады, урбанизация деңгейі 59% жетті. Қазіргі уақытта ірі қалаларға және оларға іргелес аумақтарға – агломерацияларға көші-қон ағыны байқалып отыр

«Астана қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, елорда халқы 2030 жылға қарай пессимистік сценарийде 1 млн 450 адамға, оптимистік сценарийде 1,6 млн адамға жетуі мүмкін. Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың Өңіраралық схемасында келтірілген болжамдар бойынша Алматы қаласының халқы 2030 жылға қарай 2,3 млн адамға дейін өсуі мүмкін. Шымкент қаласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы аясында 2050 жылға қарай қала халқының санын 2,4 млн адамға дейін жетуі мүмкін. Осы орайда қазіргі уақытта қала құрылысы нормалары мен регламенттерін жаңарту бойынша мәселелері пысықталып жатыр», - деді Б.Омарбеков.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы департаментінің дерегіне сәйкес, 2022 жылдың 1 қазанында Астана қаласы тұрғындарының саны 1 340 782 адамға жеткен.

Сонымен қатар, агломерацияларды дамыту мәселелері қазіргі уақытта Аумақтық даму жоспарында және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында қарастырылған. Жақында Парламент Мәжілісінде «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Агломерация халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байланыстары бар қала маңындағы аймақтан тұратын болады.


Соңғы жаңалықтар