Баспана кезегінде тұрған шығысқазақстандықтарға жер учаскесі берілуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келер жылы салынатын жер үйлердің құрылысына қатысты арнайы жиын өткізіп, тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында кезекте тұрған азаматтарға жер телімін беру жұмыстары жалғасуда. Басты талап – берілген жер телімін уақтылы әрі мақсатты пайдалану. Көп жағдайда жердің игерілмеуіне инженерлік инфрақұрылымның жоқтығы себеп болып жатады.

Осы мәселені шешу үшін Шығыс Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдері қарастырылған аумақтарды кезең-кезеңмен қаржыландыру жоспары бекітіліп отыр. Қазіргі таңда Өскемен, Семей және Аягөз қалаларындағы 1 кезеңге кірген жер учаскелерінің жалпы саны 2 591 құрайды. Барлығы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 1700 учаске тұрғын үй салуға берілді. Қазіргі таңда олардың 602-інде жұмыс аяқталса, ал 790 учаскеде құрылыс жұмыстары әлі басталмаған.

«Жер алған тұрғындар онда үй салулары тиіс. Қажетті инфрақұрылым жүргізіп, жарық пен су тарттық. Сондықтан берілген учаскелерде құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын қатаң бақылауымыз қажет», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Жеке тұрғын үй құрылысы Өскемен қаласындағы 20 шағын ауданда қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде шаһар тұрғындары салған 119 үй қолданысқа беріліп, тағы 120 үйдің құрылысы жүргізілуде. Семейде Ұшақтар, Комсомольский, Аягөз қаласындағы Мясокомбинат шағын аудандарында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Айта кетейік, бүгінде Өскемен бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдерін алуға кезекте – 4206, Семейде – 24473 адам тұр.


Соңғы жаңалықтар