«Баспана хит» бағдарламасы неге жалғаспайды? - Ұлттық банк жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі «Баспана хит» бағдарламасының неге тоқталытатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұрт арасында, әсіресе, қайталама нарықтан үй алғысы келетіндердің ішінде аса танымал болған «Баспана хит» бағдарламасына бөлінген қаржы түгесілуге жақын. Бұған дейін бағдарлама әкімшілері тиісті қаржы түгел берілгеннен кейін оның тоқтатылатынын хабарлаған болатын. Ұлттық банк, ел арасында аталмыш ипотекалық өнімге деген сұраныстың жоғары екенін ескеріп, келесі жылы қайта жалғастыруы мүмкін бе?

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бағдарлама әкімшісіне осындай сауал жолдаған болатын. Бізге келген жауапта бұл ипотекалық жоба өзінің «миссиясын» толықтай орындағаны айтылған.

«Баспана хит» бағдарламасы Тұрғын үй нарығында ұзақ мерзімді кредиттеуді жандандыру және тұрғын үй ипотекасының халыққа қолжетімділігін арттыру үшін іске қосылған болатын. Әуелде қаржыландыру көлемі 300 млрд теңге болады деп көзделген. Кейін кредиттік өнімге деген сұранысы жоғары екенін ескере отырып, 600 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы ақша толық игерілген соң бағдарлама өз қолданысын аяқтайды. Бүгінгі таңда бағдарлама шеңберінде банктер 590 млрд теңге сомаға қарыз берді, олардың көмегімен елдің 63 мыңнан астам азаматының тұрғын үй жағдайын жақсартты», - деп жазады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банктің ұстанымы бойынша, «Баспана хит» бағдарламасы жұмыс істеген 2,5 жыл ішінде коммерциялық банктер соған ұқсас өнімдер шығарған. Яғни, Ұлттық банк бұл сипаттағы ипотеканы енді екінші деңгейлі банктер бере алады деп топшылап отыр.

«Баспана хит» бағдарламасы жылжымайтын мүліктің қайталама нарығында халық үшін ипотеканың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша өз міндетін толық шешті. Оның іске қосылуы банктердің ипотекалық кредиттеу нарығына оралуын ынталандырды. Негізгі қатысушылар «Сбербанк», «ЦентрКредит» банкі және Қазақстан Халық банкі болды. Жоғары сұраныс пен бағдарламаның сәтті іске асуы банктерді клиенттерге қызмет көрсету сапасы мен несие өнімдерінің шарттарын жақсартуға ынталандырды. Қазіргі уақытта банктер «Баспана хит»-ке ұқсас кредит беру шарттарын әзірлеп, ұсынып жатыр. Бұл мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін ынталандырудың одан әрі қажеттілігін талап етпейді», - деп жазылған Ұлттық банктің жауабында.


Соңғы жаңалықтар