Баскетболдан Қытайдың Ұлттық лигасында ойнайтын қандасымыз жоспарымен бөлісті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазіргі замандағы Моңғол халқының рухын көтерген үш батыр - KAZNEWS

Ел рухын көтеріп, халқына қанат бітірген азаматтар әр елде бар. Ал қазіргі заманда Моңғол халқының мақтанышына айналып, халқының рухын көтерген үш азаматты айтуға болады, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, сондай ел рухын көтерген азаматтың бірі Моңғолияның тұңғыш ғарышкері, әлемнің 101, Азияның екінші ғарышкері атанған Жүгдэрдэмидийн Гүррагчаа екен. 1981 жылы Кеңес ғарышкері Владимир Жәнібеков пен Моңғолдың қайсар ұлы Жүгдэрдэмидийн Гүррагчаа ғарышқа ұшқан. Бір жеті бойы аспан көгін шарлап келген Гүррагчааға Кеңес Одағының Батыры, Моңғол Халық Республикасының Батыры деген атақ және Сүхбаатар ордені, Ленин ордені берілген. Елінің тұңғыш ғарышкері, Генерал-майор шенінде Моңғолия әскери әуе күштерін басқарды және Қорғаныс министрі қызметін атқарды.

Екінші бір ел мақтанышына айналған тұлғасы - Долгорсүрэнгийн Дагвадорж – Асашорюү Акинори. Сумо күресі үш ғасырға жуық уақыт бойы тек ғана жапон балуандары күресетін спорт түрі болатын. Сумо күресінің әлемдік деңгейге танылуы Асашорюүге тікелей байланысты. Сумо күресіне 1999 жылы аяқ басып, 11 жыл бойы жапон балуандарын сан соқтырған Д.Дагвадорж Асашорюү Акинори 22 жасында сумо күресінің 68-ші ёкозуна атағын алған.


Сумо күресінің ең жоғарғы лигасы Макүүчиде 25 рет чемпион атанып, Жапон императорының кубогының иегері атанды. Башёда 669 белдесу өткізіп, 596 белдесуін жеңіспен аяқтаған. Ал 2010 жылы 3 қазанда спорттық мансабын аяқтаған. Долгорсүрэнгийн Дагвадоржға әлемдік деңгейде елінің жаңа имиджін қалыптастырып, рухын көтергені үшін Моңғол елінің «Еңбек сіңірген спортшысы», «Еңбек ері» атағымен сыйлаған.

Ал үшінші бір жұрт қадірлеген азамат дзюдошы Түвшинбаяр Найдан 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының алтын медаль иегері атанып, Моңғолияның спорт тарихындағы алғашқы «Олимпиада чемпионы» атанған болатын. Қарапайым малшының баласы Түвшинбаяр халыққа жаңа үміт сыйлады. Олимпиада чемпионы атанған сәтте моңғол халқынан бөркін аспанға атпаған адам кемде-кем еді. Кейін, 2012 жылғы Лондон олимпиаласының күміс жүлдегері атанып, бабымен бағы келіскен, спортты жанына серік еткен спортшы екендігін тағы бір дәлелдеген. 2008 жылы 25 маусымда Моңғолия Президентінің жарлығымен Моңғол елінің «Еңбек ері», Сүхбаатар орденімен, «Еңбек сіңірген спортшы» атағымен сыйланған. 2017 жылы «Шыңғыс хан» орденінің иегері атанған.


Баскетболдан Қытай чемпионатында өнер көрсететін Жауынгер Қойшанұлы - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың ерлер командалары арасындағы Ұлттық лига ойындарында (CBA) өнер көрсететін Жауынгер Қойшанұлы өткен жылғы спорттағы жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы сұхбат берді, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қытайда тұратын қандасымыз Жауынгер Қойшанұлы - 1995-шы жылы Қытайдың Тарбағатай аймағының Толы ауданында туған. Жауынгер ауылына кездейсоқ келген жаттықтырушы спорт маманының көзіне түсіп, тек 18 жасынан бастап қана кәсіби спортпен айналыса бастаған. 21-ші тамызда Фуцзяньда өткен 2020-2021-ші жылдардағы Қытайдың ерлер командалары арасындағы Ұлттық лигасы аясында (CBA) ойнайтын ойыншыларды таңдау жиналысында Жауынгер (бойы – 210 см., салмағы - 107 келі) «Нанкин тұңши дашың» клубына қабылданып, CBA- ға қатысуға жолдама алған. CBA лигасы - Қытай Халық Республикасындағы ең жоғары деңгейдегі баскетбол ойыны болып табылады.

«Мен қазіргі күні Нанкин қаласында алаңсыз жаттығумен айналысып жатырмын. Бапкерім маған жақсы көңіл бөледі, командадағы басқа ойыншылармен де достық ниетпен араласамыз. 23-ші қазан күні «Нанкин тұңши дашың» клубындағы және CBA лигасынадағы алғашқы жарысымды өткіздім. «Шаньдун» командасына қарсы ойнаған осы жарыста өзімді жақсы нәтижемен көрсетіп, көпшіліктің қолдауына ие болдым. Бапкерім маған CBA лигасында ойнаудың оңай болмайтындығын түсіндіріп, жарыстың қыр-сырын, әдіс-тәсілін үйреткен. Мен жарыста бапкерімнің маған тапсырған міндетін орындап, сенімін ақтап, үйреткен тағылымының жемісін көрдім деп ойлаймын. Осы жолы бұрын телеарналардан ғана көретін мықты ойыншылармен бір алаңға шығып аламанға түскеніме шабыттандым және өзімдегі кемшіліктерді біліп, құлшынуым керек екенін түсіндім. Менің, болашақта ойын өнерімді барынша кемелдендіріп, бұдан да биік спорттық аламандардан көрініп, толағай табыстарға жетсем, елімнің, туған халқымның мақтанышы болсам деген мақсатым бар!», - дейді баскетболшы қандасымыз Жауынгер Қойшанұлы.


Үш мың жылдық кілем тоқу дәстүрі жаңғыртылады - TRT

Сакария қалалық муниципалитеті Орталық Азиядан көшіп келген йөрүктер тоқыған Яглыбедир кілемінің өндіріс жұмыстарын қайта бастады. Аймақта дәстүрлі кілем тоқу үрдісін болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатымен жаңа науқан басталды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Орталық Азиядан көшіп Анадолыға қоныс тепкен йөрүктердің шамамен үш мың жылдық кілемінің географиялық белгісі Сындырғы аудандық муниципалитетінің меншігінде. Балыкесирдің Сындырғы ауданында Яглыбедир кілемі тоқылып, қыздардың жасауына қойылған. Тоқу әдісі анадан қызға өтіп отырған. Бұл кілемдер әдет-ғұрыптар мен дәстүрді көрсететін өнер туындысы деп есептеледі. Кілемдер тек қойдың жүнінен тоқылады және табиғилығымен назар аударады. Бір шаршы сантиметрінде 35 ілмек болғандықтан, мықты болып келеді. Табиғи түстермен боялғандықтан қанық түстері көпке дейін тозбайды», деп жазады TRT.


Ташкентте «Кино апталығы» өтеді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

2021 жылдың 11-16 қаңтар аралығында Ташкенттегі Жастардың шығармашылық сарайында «Жаңа Өзбекстан және ұлттық кинематография» айлығы аясында «Өзбек ұлттық киносының апталығы» өтеді, деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Апталық аясында жаңа киножобалардың тұсаукесері, жастарға арналған шеберлік сыныптары, кастингтер мен конференциялар, сондай-ақ жаңа фильмдердің премьералары өтпек. «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің ақпараты бойынша, кино апталықта жас кинорежиссерлар үшін Ташкентте Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының филиалын ашу, Ташкент Халықаралық кинофестивалін қайта ұйымдастыру, шет елдерде сақталған өзбек фильмдерін қайтару, жас режиссерлерге жағдай мен мүмкіндік жасау сияқты маңызды міндеттер бойынша сарапшы мамандармен бірге Өзбеккиноның 2021 жылғы «Жол картасы» қабылданатын болады», - «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


2021 жылы Қазақстанда мұнай өндірісі артады - «Fars» ақпарат агенттігі

Қазақстан ОПЕК-ке мүше елдер отырысында 2021 жылы ақпан-наурыз айларында мұнай өндірісін арттыруға міндеттеме алды, деп жазады «Fars» ақпарат агенттігі.

Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ОПЕК-ке мүше елдер отырысы онлайн форматта өтіп, онда Қазақстан 2021 жылы ақпан-наурыз айларында күніне сәйккесінше 1,427 млн және 1,437 млн баррель мұнай өндіреді деп келісілді.

Қазақстан Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев осы отырыста: «ОПЕК-ке мүше елдердің ортақ талпынысы арқасында 2020 жылы әлемдік нарықта мұнай бағасы тұрақтанды», - деді.



Соңғы жаңалықтар