Баскетболдан Қытай чемпионатында ойнайтын тұңғыш қазақ - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Жауынгер Қойшанұлы баскетболдан Қытай чемпионатында өнер көрсетеді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайда тұратын қандасымыз Жауынгер Қойшанұлы Қытайдың ерлер командалары арасындағы Ұлттық лига ойындарында (CBA) өнер көрсететін ойыншылардың бірі болып таңдалды, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.


«21-ші тамыз күні Фуцзяньда 2020-2021-ші жылдардағы Қытайдың ерлер командалары арасындағы Ұлттық лигасы аясында (CBA) ойнайтын ойыншыларды таңдау жиналысында қазақ азаматы Жауынгер Қойшанұлы (бойы – 210 см., салмағы - 107 келі) «Нанкин тұңши дашың» клубына қабылданып, CBA- ға қатысуға жолдама алды. Осы жолғы ел чемпионатына қатысатын спортшыларды таңдауға жиналған мамандар тобына Қытайдың танымалы баскетбол шебері, Қытай баскетбол қауымдастығының төрағасы, елдегі ең дәулетті спортшылардың бірі Яо Мин төрағалық етті», - деп жазады CNR.


Ақпарат көзінің дерегінше, CBA лигасы - Қытай Халық Республикасындағы ең жоғары деңгейдегі баскетбол ойыны болып табылады. Ал қандасымыз Жауынгер Қойшанұлы - 1995-шы жылы Қытайдың Тарбағатай аймағының Толы ауданында туған. Жауынгер ауылына кездейсоқ келген жаттықтырушы спорт маманының көзіне түсіп, тек 18 жасынан бастап ғана кәсіби спортпен айналыса бастаған.

https://www.kazakcnr.com/

Түркия тарихындағы ең ірі табиғи газ қоры Қара теңізде табылды - TRT

Ыстанбұлдағы Долмабахче резиденциясында баспасөзге арнайы мәлімдеме жасаған президент Ердоған Түркия тарихындағы ең үлкен табиғи газ резервінің Қаратеңізде ашылғанын жариялады, - деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы. https://www.trt.net.tr/kazakh/turkiia/2020/08/21/turkiia-k-aratien-izdie-320-milliard-tiekshiemietr-molshierindie-tabig-i-ghaz-rieziervi-tapty-1477022


Өз мәлімдемесінде президент Ердоған: «Фатих» бұрғылау кемеміз, 2020 жылы 20 шілде күні бастаған Tuna-1 табиғи газ құдығын бұрғылау барысында, 320 миллиард текшеметр мөлшерінде табиғи газ қорын тапты. Бұл жұмыстар толығымен отандық мүмкіндіктермен жүзеге асты. Алдағы мақсатымыз - 2023-шы жылы Қара теңіз табиғи газын ұлтымыздың игілігіне ұсыну», - деп атап өткен.

Өтеген Естайұлы Моңғолияда үздік футболшылар қатарынан көрінді - KAZNEWS


Моңғолияның Футбол федерациясының жоғары лигасының сегізінші турында лигадағы мықты командаларды жеңіп келген Дэрэн клубы «Атлетик 220»-дан ұтылып қалды, деп хабарлайды Моңғолияның KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Көшбасшылардың өзара бәсекелесінен өзге қызықты ойын «Ұланбатыр Мазаалайнууд» пен «Сумида-Жипро» клубтарының арасында өтті. Өйткені олардың қай қайсысы да маусымның алғашқы ойынында жеңіске жету мүмкіндігі зор болатын. «Ұланбатыр Мазаалайнууд» клубының сол қанаттағы жартылай қорғаушысы Өтеген Естайұлы «Сумида-Жипро» клубының қақпасына бірінші және матчтағы бірден-бір голды салып, 1:0 есебімен жеңіс туын желбіретті», - деп жазады KAZNEWS порталы.


https://kaznews.mn/utegen-yestai/

Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды - «Фарс» ақпарат агенттігі



«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған сапарында 12 ғасырдың үлкен ақыны, сопы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды. Тоқаев күмбездің тарихи келбетін сақтай отырып жүргізілген жаңарту жұмыстарының нәтижелерімен танысты», - деп жазады Рarstoday.


https://parstoday.com/kz/news/kazakhstan-i47995

Нұр-Сұлтанға 30-шы тамызда арнайы ұшақ ұшады - KAZNEWS

Мемлекеттік төтенше комиссияның шешімі бойынша 2020 жылы 30 тамыз күні Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласына, 31 тамыз күні АҚШ-тың Сиатл қаласына Моңғолияның арнайы ұшағы ұшады. Бұл туралы Вице премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлап отыр, деп хабарлайды Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Нұр-Сұлтан қаласына жасалатын рейс жолда Қырғыз Республикасының Бішкек қаласына аялдап, сол елде коронавирус инфекциясы салдарынан бөгеліп қалған Моңғолияның 30-ға жуық азаматын алып қайтады. Бұл рейстерде барлығы 520-ге жуық жолаушы тасымалданады. Осы айда барлығы 17 рейспен 4,240 азамат елге оралған», - деп жазады KAZNEWS порталы.

https://kaznews.mn/nursultanga-arnayi-ushaq-barady/

Самарқандта Түркия Республикасының Бас консулдығы ашылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Үкіметтің «Өзбекстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Қаулыда Өзбек-Түрік қатынастарын сапалы жаңа деңгейге көтеру жөніндегі шаралар бағдарламасы мақұлданды және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту бойынша үйлестіру кеңесі құрылды. Үкімет қаулысында, Түркия үкіметінің техникалық көмегі түрлі бағыттарда кеңейтіліп, жетекші түрік сарапшылары тартылады. Сондай-ақ, 2020 жылдың соңына дейін Самарқандта Түркия Республикасының Бас консулдығын ашу көзделген», - деп атап өтеді «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

https://uza.uz/kz/society/samar-andta-t-rkiya-respublikasyny-bas-konsuldy-y-ashylady-19-08-2020


Соңғы жаңалықтар