Басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды жүргізу кезінде тұрғын үйді жалдау мақсатында ротациялық төлемдер енгізіледі.

Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілген. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа тоқсқауыл қою. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегеннен кейін, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына пәтер жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы мәселені шешуше бағытталып отыр», - деді Д. Жазықбаев.

Осы орайда ол аталған төлемді енгізу үшін республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажет қаражатты бөлуді мақұлдағанын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар