Бәсекелестікті қорғау агенттігінің call-орталығына 3 күнде 1 мыңнан астам өтініш түсті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 8 -11 қаңтар аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, автогаз, бензин, дизель отыны, такси қызметтері мен агрегаторлары бағасының өсуі бойынша шағымдарды қабылдайтын қауырт желі арқылы азаматтардан 1 060 өтініш келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, «жедел желіге» келіп түскен барлық шағым зерттеліп, олардың әрқайсысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Барлық қоңыраудың 70%-дан астамы Алматы қаласының тұрғындарынан келіп түскен.

Осы күндері шағымдардың басым бөлігі азық-түлік бағасының қымбаттауына, олардың сапасына (мерзімі өткен өнімдер сатылуда), сатушылардың әділ еместігіне ( тауар бағасы чектегі бағамен сәйкес келмейді) байланысты болып отыр. Алматы қаласының жекелеген аудандарының тұрғындары азық-түлік тауарларының болмауына шағым түсіруде.

Сонымен қатар, газ баллоны, (Нұр-Сұлтан, Екібастұз, Өскемен, Алматы облысы, Түркістан және Қарағанды облыстары), АИ92 маркалы бензин (Қарағанды, Атырау, Алматы, Жамбыл облысы), дизель отыны (Нұр-Сұлтан, Павлодар), такси қызметтері (Нұр-сұлтан, Түркістан облысы) бағаларының қымбаттауына қатысты шағымдар келіп түсті.

«Жедел ден қою үшін шағым түсірушілердің барлығынан бағаны көтерген сауда объектілерінің, жанар-жағармай құю стансаларының атауын және мекенжайларын, такси көлігінің мемлекеттік нөмірін, азық-түлік өнімі атауларын, сондай-ақ бағаны көтергендерін растайтын кез келген ақпаратты хабарлауларыңызды сұраймыз. Мүмкіндігінше чектер, төлем скриншоттарын, такси қызметін шақыру бағасын және т.б жіберулеріңізді сұраймыз», делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар