Бәсекелестік заңын бұзған екі кәсіпорынға 34 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ және «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Жамбыл облысы бойынша департаментпен бірлесіп, тұқымдық және отырғызу материалының сорттық және себу сапасын анықтайтын қызметтер нарығында «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ және «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС іс-әрекетінде бәсекеге қарсы көлденең келісім (картельдік сөз байласу) жасасу бөлігінде заңнаманы бұзу фактісін анықтады.

Жүргізілген тергеу бойынша «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ және «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС қатысты әкімшілік іс қозғалды.

Істерді қарау қорытындысы бойынша Астана қаласының әкімшілік мамандандырылған ауданаралық сотының 20 наурыздағы қаулысымен «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ-ға жалпы сомасы 24 600 940 теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы Тараз қаласының әкімшілік мамандандырылған ауданаралық сотының 25 наурыздағы қаулысымен «АgroЭксперт-АЅ» ЖШС 9 241 130 теңге айыппұл төлейтін болды.

Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.


Соңғы жаңалықтар